«КӨКТЕМ-2025» ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

Өткен аптада ауданымызда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстары өтті. Аталған шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және аудан көлемінде «Азаматтық қорғау» қызметі, аумақтық құрылым жасақтарының құрамына кіретін барлық жергілікті мекеме қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығу барысында аудан басшысының төрағалығымен су тасқыны кезінде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері пысықталып, жедел әрекет ету дайындығы бақыланды.
Іс-шара «Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, оқу-жаттығу барысында «Баршаның назарына!» дабылы бойынша аумақтық құлақтандыру жүйесінің дайындығы тексерілді.
Саптық дайындық барысында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға қарсы әрекет ететін күш-құралдарының мүмкіндіктері жайында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аслан Каркулов баяндама жасап, сонымен бірге, су тасқынына қажетті инертті материалдар қорына қадағалау жасалды. Оған қоса қызметтердің дайындық деңгейі мен жедел әрекет ету қабілеті пысықталды.
Айта кететін болсақ, «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстары еліміздің барлық өңірінде өтті. Аталған іс-шараның мақсаты 2025 жылғы қала, аудан, ауыл аумағын су басу қаупі бар аймақтардағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою кезіндегі алғашқы іс-әрекеттерді пысықтау.
Сонымен қатар, былтырғы көктемгі су тасқынының салдары облысымызға оңай тиген жоқ. Біздің өңірімізге де қауіп төніп, дер кезінде атқарылған жұмыстың нәтижесінде қайғылы жағдай орын алмады. Десе де, апаттың айтып келмейтінін ескерсек, оның алдын алуға болады.
Сондықтан да, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы мұндай жоспарлы түрдегі оқу-жаттығуларының маңызы зор. Осы орайда аудан орталығында арнайы мамандар мен қажетті техникалар жұмылдырылған төтенше жағдайлар қызметтерінің көктемгі су тасқынына дайындығы жоспар бойынша сәтті іске асты.
Қарғалы-АҚПАРАТ