Көкпардан басты қарсыласымыз қырғыз бауырлар – команда капитаны Тұрғанбек Құрманбек

АСТАНА. KAZINFORM – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасының басты қарсыласы – қырғыстандық көкпаршылар. Бұл туралы ҚР көкпар құрама командасының капитаны Тұрғанбек Құрманбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бүгін алғашқы кездесу Өзбекстан құрама командасымен өтті. Аттарымызды тактикалық тұрғыдан дайындадық, алаңға үйреттік. Жігіттердің де, аттарымыздың да шабысы керемет болды. Финалда еліміздің көк туын желбіретуге дайынбыз. Басты қарсыласымыз қырғыз бауырларымыз деп ойлаймыз. Біз бар күшімізді саламыз. Қазақ елі бізге сенім артып отырғанын білеміз. Бұйырса сол сенімді ақтауға дайынбыз», — дейді Тұрғанбек Құрманбек.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бақ сынауға келген көкпаршылар «Қазанат» ипподромында іріктеу жарыстарын өткізіп жатыр. Алғашқы кездесу Қазастан және Өзбекстан құрама командасының көкпаршылары арасында өтті. Тартысты өткен сайыста, қазақстандық шабандоздардың мерейі үстем болып, 16:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады.

Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия.

kaz.inform.kz