ҚҚС: Нақты жағдай ескерілуге тиіс

Сауал:

– Қосылған құн салығы шегін төмендету барысында қандай фактор бірінші кезекте ескерілуі керек?

Балжан Бақытқалиқызы, салық маманы

Жауап:

– Салық кодексінің 82-бабының 2-тармағына сәйкес, қазір ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелу үшін айналым көлемі – 20 000 АЕК немесе 78 640 000 теңге. Алайда мемлекет бұл шекті 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Бұл өзгеріс кәсіпкерлерге үлкен салмақ түсіруі мүмкін. Себебі есепке алынатын көр­­сеткіш таза пайда емес, айналым көлемі болып саналады. Қарапайым мысал ретінде Алматыда жұмыс істейтін такси жүргізушісін алайық. Ай сайын ол 7-8 млн теңге табыс табуы мүмкін. Бірақ бұл сомадан такси паркі өз үлесін ұстайды, банк комиссиясы алынады, жанармай шығыны төленеді. Сондай-ақ жүргізушінің еңбекақысы да осы айналымның ішіне кіреді. Бірақ бұл шығындар ҚҚС есебінде ескерілмейді.

Сонымен қатар такси жүргізушісі қосымша табыс көзі ретінде «Kaspi.kz» платформасы арқылы тауар сатады делік. Базардан құжатсыз тауар алып, оған өз маржасын қосып сатып, оны такси қызметімен қатар жеткізіп отырады. Бұл саудадан ай са­йын 10-12 млн теңге айналым түсуі мүмкін. Бірақ тауардың өзіндік құны 8-9 млн теңгені құрауы ықтимал. Оның үстіне, бұл тауарлар көбіне несиеге немесе бөліп төлеу арқылы алынуы мүмкін, алайда бұл да есепке алынбайды. Осылайша, такси қызметінен жылдық айналым 7-8 млн теңгені, та­уар сатудан 10-12 млн теңгені құрайды. Егер бұл сомалар қосылса, кәсіпкердің жылдық айналымы 15 млн теңгеден асып кетеді. Нәтижесінде, ол ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелуге міндетті болады. Бұл жағдайда кәсіпкер бұрын 3% патенттік немесе жеңілдетілген салық төлесе, енді оған қосымша 20% ҚҚС төлеу талабы қойылады. Осылайша, такси жүргізушісі экономикалық тұрғыда «Яндекс такси» паркімен теңестіріледі.

Бұл жағдай Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабына сәйкес, шағын (оның ішінде микро), орта және ірі кәсіп­кер­лік ара­­сын­дағы айыр­ма­шылық жойы­лып кете ме деген сұрақ туын­датады. Себе­бі аталған өзгерістер ша­ғын кәсіпкерлердің ірі бизнес субъектілерімен бір­дей салықтық жүктемеге ұшырауы­­на алып келеді. Сондықтан ҚҚС шегін төмендету мәселесін қарас­­­тыр­ғанда, тек айналымды есепке алып қана қоймай, таза пайда, шығын, салалық ерекшелік және кәсіпкерлік қызметтің нақты жағдайлары да ескерілуге тиіс. Әйтпесе, бұл өзгеріс шағын бизнеске ауыр салмақ түсіріп, оның да­муын тежейді.

 

Сарапшыға сұрақ қойған –

 Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»