Кененің кеселінен абайлаңыз

   Ауданымыз бойынша кене шағуынан зардап шегушілердің тіркелуі ағымдағы жылдың наурыз айынан басталды. Бүгінгі күні ауданда кене шағуының 5 жағдайы тіркелді. Барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш бір деңгейде сақталып отыр. 

Дегенмен, табиғи ошақтық инфекциялардың ішінде ең қауіптілерінің бірі осы кене шағуынан болатын — кене энцефалиті екенін еске сала кетейік.

Кене энцефалиті (КЭ) — орталық жүйке жүйесінің басым бөлігін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Аурудың салдары: толық сауығудан бастап мүгедектік пен өлімге әкелетін денсаулықтың бұзылуына дейін. Иксодтік кенелер осы сырқатты таратушылар болып табылады.

Вакцинация — КЭ табиғи ошағында жұмыс істейтін адамдар үшін әр үш жыл сайын күздің соңында жүргізіледі.

КЭ-не қарсы вакцина тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаларда жүргізіледі. Вакцинациядан бұрын дәрігердің кеңесі қажет.

Осы орайда аудан тұрғындарына кене шабуылынан қалай қорғануға болатындығы жайында  ақпараттарды естеріңізге саламыз:

  • Табиғат аясында ұзын жеңді, денені толық жауып тұратын кімдерді кию;
  • Киімнің ашық түстісін таңдаған дұрыс, өйткені кене ашық түсті киімдерде жақсы көрінеді;
  • Әдетте кенелер шағатын адамды шөпте немесе бұтаның бұтағында отырып күтеді. 1,5 метрден жоғары кенелер көтерілмейді, сондықтан олар әдетте адамның аяғына жабысып, соруға ыңғайлы орын іздеп жоғары қарай қозғалады;
  • Кенелер, баяу жәндіктер киімге немесе адам денесіне бірден жабыспайды, бірақ оқшауланған орынды таңдап, қозғалады. Сондықтан адам өзін және қасындағыларды кенеге тексерген жөн. Репелленттерді қолдану — кене шағуының алдын алудың бірден-бір жолы!

         Кене шағып алған адамдарға медициналық көмек, кеңес беру және медициналық бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша міндетті түрде емханаға бару қажет екендігін ескертеміз!

Айнагуль БЕРЖАНОВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

басқарма басшысы