КЕМПІРСАЙ ТАРИХЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУШІЛЕР НАЗАРЫНДА

Өңіріміздің өткенін зерделеп, қуғын-сүргін жылдарындағы тағдырлы оқиғаларды кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы ғылыми ізденістерге шетелдік және отандық зерттеушілердің қызығушылық танытуы ауданымыздың тарихи мұрасының құндылығын айқындай түсуде.
Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Әселхан Мағауия арнайы іссапармен ауданымызға келді.
Ол Кемпірсай кен байыту басқармасында еңбек еткен депортацияланған ұлттардың тарихына қатысты архивтік деректерді жинақтап, ғылыми-зерттеу жұмысына қажетті материалдармен танысты.
Сонымен қатар аудандық музейдегі шағын тарихи экспозицияны аралап, онда сақталған құнды жәдігерлердің ғылыми маңызын жоғары бағалап, музей қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Жуырда ауданымызға Германия мен Қазақстаннан келген зерттеушілер де жұмыс сапарымен атбасын бұрды. Экспедиция құрамында Қазақстан немістерінің «Возрождение» қоғамының тарих және мәдениет жөніндегі әдіскері Анна Граф пен «Deutsche Allgemeine Zeitung» газетінің тілшісі Екатерина Лойченко болды.
Экспедиция мүшелері өткен ғасырдағы сұрапыл соғыс жылдарында майдан қажеттілігі үшін стратегиялық маңызы зор никель өндірілген Кемпірсай кен орнында еңбек еткен депортацияланған неміс, украин, шешен және өзге де ұлт өкілдерінің тағдырын баяндайтын тарихи құжаттармен танысты. Сондай-ақ сол кезеңнің куәгерлерімен кездесіп, олардың естеліктерін тыңдап, құнды мәліметтер жинақтады.
Зерттеу барысында өлкетанушы, Ақтөбе облыстық немістер қоғамының өкілі, тарихшы Светлана Короткова мен аудандық өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова Бадамша ауылы маңындағы жерленген депортацияланған ұлт өкілдерінің зиратына барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Қонақтар Қарғалы өңіріндегі тарихи мұралардың сақталу деңгейіне жоғары баға беріп, экспедициядан мол әсер алғандарын жеткізді. Топ жетекшісі, Германиядан келген Анна Граф биылғы жылдың тамыз айында қуғын-сүргінге ұшырап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан азаматтар туралы деректі фильм түсіру жоспарланып отырғанын айтып, сапардан алған әсерімен бөлісті.
Айта кетерлігі, аудандық музейге ғылыми экспедициялар ғана емес, тағдыр тәлкегімен туған жерден жырақ кеткен азаматтар да арнайы келіп, өткен күндерді еске алып, бүгінгі ауданның өсіп-өркендеуіне қуаныштарын білдіріп жатады.
Солардың бірі – Германиядан туған өлкесіне арнайы келген Надежда (Антонина) Маерле. Ол қырық жыл ұстаздық қызмет атқарып, жастық шағын Ащылысай ауылында өткізген. Кейін 1991 жылы Бадамшаға қоныс аударып, 1996 жылы Германияға көшкен. Музейге арнайы атбасын бұрған ол өзі кеткеннен бері аудан орталығының ажары айрықша өзгергеніне ризашылығын білдіріп, өткеннің құнды мұрасын көздің қарашығындай сақтап жүрген музей қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Біздің өңірде туып-өсіп, кейін түрлі себептермен шетелге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері қазақ халқының кеңпейілдігі мен қонақжайлығын әрдайым ризашылықпен еске алады. Бұл – халқымыздың адамгершілік құндылықтарының жарқын көрінісі.
Тарихты зерттеу – өткенді танумен ғана шектелмейді. Ол – тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды жолы. Қарғалы өңірінде жүргізіліп жатқан осындай ғылыми ізденістер тарихымыздың жаңа беттерін ашып қана қоймай, өткеннің тағылымын келер ұрпаққа аманаттауға қызмет ете береді.
Бақыт ИМАШЕВ




