Қазақтың «Ақ олимпиадасы» басталды

«Түйені түгімен, биені бүгімен жұту» бұл тек біздің ұлтқа тән ғана сөз. Жаһандану кезінде қағанағынан жеріді деп жүрген қазақ баласының бас қазаны шетті аңсап тұрғанымен, асқазаны етті аңсап тұратыны белгілі.

«Малым – жанымның садағасы» дейтін біздің ел төрт түлігін ұрпағының несібесі деп біліп, өз қажетіне пайдалана білген. Алланың атын айтып мал бауыздағанда, «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп «ақталуды» да ұмытпаған.  Осындай әлімсақтан келе жатқан дәстүрлі үрдіске айналған соғым сою мен  оны сақтаудың өзі бір ғылыми еңбек деуге де болады.

Соғым сою бүгінгі нарық заманында бар қазақтың басына жазыла бермейтін бақыт болып тұр. Ертеде мал мен жанын бір деп білген біздің халқымыз, қазіргі кезде «соғым» дегеннің не екенін білмей де бара жатқандаймыз. Сондықтан да, аға буын өзінен кейінгі жастарға көрген-білгенін, ең болмағанда ата-бабадан естігенін айтып отырса, тәлім-тәрбиелік мәні зор болар еді деген ой тастау мақсатында, көзбен көріп, құлақпен естігендерімді оқырмандарыммен бөлісуді жөн көрдім.

Қазақта «соғым» деп қысты күні жата-жастанып жеуге арнап, алдын ала сойылған малды атайды.  Соғымдық кезіндегі  шақырыстыңда түрі көп. Былайынша айтқанда, той, мереке секілді әркім сойған малының қоңдылығын айтып мақтанатындары да баршылық. Әсіресе, жылқы малына келгенде әсірелеп, жарыса мақтаулар бөлек әңгіме. Соғымды көбіне қараша, желтоқсан айларында аяз түсе сойған. Қазіргі кезде мұздатқышқа сенгендер бастапта кеткен болар. Не күздік сойғандар қыстың саршұнақ аязын күтіп отырулары мүмкін. Қалай десек те соғым туралы ой-пікірім жастарға өнеге болсын деген ниетпен, қысқаша білгенімді айтқым келді.

Қазақ салтында көршілер соғымды кезекпен жиналып сояды. Жоғарыда айтқанымдай, қуырдақ қуырылып, топатай асылып, көрші-көлем  қазақтың ақ олимпиадасын бастап кетеді. Ауылда соғым әбден сойылып болды-ау деген кезде, көршілер бірін-бірі қонаққа шақырады. Қонақтар есіктен кірісімен «соғым шүйгін болсын», «қазан майлы, көңіл жайлы болсын»,  «бұйыртып жегізсін» деген ақ тілекпен басталған үрдіс ауыл ішінде кезек-кезек жалғаса береді.

Жөн-жосықты білетін, жоралғыны толық түсінетін үлкен үйлер мен жас отбасылары да соғымның кәделі жіліктерін тұздағаннан-ақ, мынау құда-құдағайдың, көрші-көлем, дос-жаранның арнайы сыйы деп, кәдесін әзірлеп, сыбаға дайындап қояды. Қонағына қой сойса да кәдесінен жаңылмаған қазағымыздың айта берсек, соғым сою дәстүрінде де осындай өзіндік ерекшеліктері бар. Сондай-ақ, оның қызығы да аз емес.

Кейде соғым союға  көмекке келген пысықай жігіттер еңбек ақысына ірі қарадан «азапқа қарай арқа», «бейнетке қарай белдеме», «қол кесерге қабырға» деп өзі қалаған жерден өз үлесін кесіп алып жатады. Әйелдер жағы да қалыспайды. Оны  «соғым әзілі» деп атап, ешбір ренішсіз мәре-сәре болады.

Сайып келгенде, «соғым» деген сөз молшылықтың, тоқшылықтың, байлықтың белгісі. Соғым жайлы айтылар әңгіме де, жоралғы да  жетерлік.

Ата-баба дәстүрін қанша жерден дәріптегенімізбен, қазіргі нарықтық заманға байланып, қалғаныңа қол жеткізе салу оңай емес. Төрт түлік малмен, ежелден еншісі бөлінбеген ел мен жердің иесі көбі қалалық болып, базар жағалап, тиіп-қашып ет алғандарына мәз. Оның да өзіндік себептері бар. Қазіргі қымбатшылық қинаған заманда мал ұстау да оңай емес. Мал күтімі мен бабы өз алдына бір әңгіме. Сол себепті де халық етті сатып алуда. Оның үстіне еттің бағасы да жылдан жылға өспесе, түскен емес. Ал соғым сою үрдісі көбінесе мал ұстайтын ауылдық жерлерде жалғасуда.

Қыстың қытымыр аязында қаныңды қыздыратын қазыдан жеп, қағанағың қарық, сағанағың сарық болып отыру үшін соғым сою – қазақтың нағыз «ақ олимпиадасы»  секілді.

            Адамның  пейілі тарылған соң, заман азды ма? Жоқ әлде заман азған соң, адамның пейілі тарылды ма кім білсін? Туыс-туған, дос-жаран бас қосып, қауқылдасып соғым басын жейтін салттың сәні қашып, даңғаза той-томалақтарда кездесетін сәттерде күн кешіп жүрміз.

Шындығында соғым қыстың азығы ғана емес, берекенің қазығы болуға тиіс деген ата-бабамыз өле жегенше, бөле жеуді тектен-тек айтпаса керек. Қазақтың бәрі бай болып, табағы етке толып, пейілі де кеңейетін күнге жетерміз. Олай болса, соғымдарыңыз сүйкімді болсын, ағайын!

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

 

ТегтерСоғым