Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның цифрлық дамуына қатысты ұсыныс айтты

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда инновациялық жобаларға инвестиция көлемі еселеп артып келеді. Бұл туралы бүгін елордадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде соңғы буынды технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналып отыр. Трансформация өнеркәсіп пен логистикадан бастап ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі қызметтің барлық саласын қамтып келеді.
– Қазақстанда инновациялық жобаларға инвестиция бес еседен астам өсті. Барлық инвестицияның жартысынан астамы цифрлық салаға бағытталып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ЕАЭО елдерінің әрқайсысы цифрлық трансформацияның нақты бағыттары бойынша айтарлықтай тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлттық құзыреттерді дамытумен қатар, бірлескен технологиялық бастамаларды да белсендірек дамыту керек екенін сөз етті. Осы бағытта озық тәжірибелермен және тиімді шешімдермен алмасу маңызды.
– Бұл тәсіл ЕАЭО-ның цифрлық дамуын айтарлықтай жеделдетіп, мемлекетер экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды.




