ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

Ауданымызда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары және ауданымызды мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде өткен достық пен ынтымақты дәріптеуге арналған шара алдымен түрлі ұлт өкілдерінің мың бұрала билеген биімен басталып, одан соң аудан басшысының мерекелік құттықтауымен жалғасты.
– Баршаңызды бейбітшілік пен келісімнің, достық пен татулықтың үлгісіне айналған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – берекелі бірлік пен ырысты ынтымақты дәріптейтін, өзара құрмет пен сенімнің темірқазығы. Бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болып, 17-ден астам түрлі этнос өкілдеріне құтты мекен болған Қарғалы жері жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп, кемелденіп келеді. Біздің мақсатымыз – қажыр-қайратымыз бен ертеңгі күнге деген сенімнің бастауы болған ел бірлігін бұдан да әрі көздің қарашығындай қорғау. Тек татулықтың арқасында ғана біз басымызға түскен сынақтардан сүрінбей өтеміз,-деп атап өтті аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев.
Шара барысында аудандық мәдениет үйі жанына құрылған «Бірлігіміз жарасқан» атты көпұлтты мәдени бірлестігінің ұжымы, оның құрамындағы «Ақпейіл», «Славяночка» және «Freude» халықтық вокал ансамбльдері әр түрлі ұлт өкілдерінің әндерін нақышына келтіріп шырқап, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ, мәдениет үйінің көркем өнерпаздары да әннен шашу шашып, ауданымызда мекен ететін түрлі этнос өкілдері бейнеролик арқылы өздерінің мерекелік лебізін білдіріп, бір шағырақ астындағы халқымыздың бірлігі мен достығына және мәдени ынтымақтастығына алғыстарын білдірді.
Ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайтуға үлес қосқан бұл шара көпшіліктің көңілінен шықты.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА