КӘУСАР — ЖЕҢІМПАЗ
Көкшетауда алғаш рет XV Ұлттық Дельфий ойындары өтті. Мәдени іс-шара 20-25 тамыз аралығында SILK WAY CREATIVE GAMES шығармашыл жастар форумының аясында ұйымдастырылады. Аталмыш республикалық байқауда жерлесіміз Кәусар Абзалова жүлделі ІІ орынды иеленіп, олжалы оралды.
Ұлттық Дельфий комитеті және Ақмола облысы әкімдігі ұйытқы болған шарада 8-25 жас аралығындағы 650-ден астам адам 25 номинация бойынша бақ сынасты. Айта кететін жайт, өңірлік іріктеу кезеңі 2024 жылдың 29 наурыз — 17 мамыр аралығында 15 қалада өткен болатын. Одан өткен қатысушылар республикада өнер көрсетті.
Ақтөбе облысындағы іріктеуден Көркемсөз номациясы бойынша Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Кәусар Абзалова ІІ орын иеленіп, нәтижесінде Көкшетауға жолдама алған болатын.
Осылайша, Көкшетауда өткен республикалық байқау қорытындысы бойынша біздің жерлесіміз Кәусар «Көркем сөз» номинациясы бойынша үздіктер қатарынан табылып, жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпазды дайындаған жетекшісі — Бағдат Қалағанов.
Жұлдыз КЕНЖЕ