ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

15 қараша — Ұлттық валюта – теңге күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев сала мамандарын қабылдап, оларға құрмет көрсетті.

Аудан басшысы аталмыш мерекемен құттықтап, еліміздің өркендеуі жолында қаржы саласы қызметкерлерінің еңбегі зор екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, ауданымыздың қаржы-қаражат саясатын іске асыруда аянбай қызмет етіп, ауданының әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар мамандарға аудан әкімі арнайы алғыс хаты мен гүл шоқтарын табыс етті.

Мерекелік құттықтаудан соң аудандық мәдениет үйінің көркем өнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сонымен қатар, аталмыш сала қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен денсаулықтарын нығайту мақсатында  аудан орталығында эстафетадан жарыс ұйымдастырылды.

Қызметкерлер эстафеталық спорттың түр-түрінен сынға түсіп, командалық ұпай үшін тартысты ойын өрнегін көрсете білді. Сайыстың қорытындысы бойынша «Қасқырлар» командасы І орынды иеленді. Ал спорттық жарыстың ІІ орын жүлдесі «Арлан» командасына, ІІІ орын «Барыс» командасына бұйырды.

Осылайша, жарыс жеңімпаздары мен қатысушылар және де жекелеген белсенді ойыншылар арнайы дипломдармен, медальдармен және де бағалы сыйлықтармен  марапатталды.

Жұлдыз КЕНЖЕ