Қарттарға құрмет-ұрпаққа міндет
«Қарттарымыз – қазынамыз» дейтін халықпыз. Ақылы дария ардақтылардың халықаралық мерекесі әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Биыл да бұл күні қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсетілді.
Мереке аясында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ауданымыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына арнайы барып, аға буын өкілдерін айтулы мерекемен құттықтады.
Орталықтағы уақыттарын тиімді өткізіп жатырған қарияларымызға аудан басшысы ауданымыздың қарқынды дамуы жолында әр салада еңбек етіп, бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерімізге алғысын білдіріп, ыстық ықыласымен жүрек-жарды лебізін жаудырды.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – адамгершіліктің ең жоғарғы қасиеттерінің бірі. Сондай-ақ, үлкенді сыйлау, құрмет көрсету – қай халықтың болмасын түпкі тамырының тереңінде жатқан салт-дәстүрлерінің бір бөлшегі. Осы бір керемет дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Осы орайда, айтулы мереке қарсаңында ауданымыздағы барлық мекеме мен кәсіпорын басшылары өз мекемелерінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан зейнеттегі барша үлкендерімізге құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінде «Қарттарым аман сау жүрші!» атты мерекелік шара өтті. Шара барысында аудан өнерпаздары мереке иелеріне ерекше көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарлама «Ұшқын» ХЖТ-ның театрландырылған әсерлі көрінісімен басталып, «Кербез» бишілер тобының әсем биімен, маңыналы әндермен жалғасты. Төл мерекелерінде ән мен жырға сусындаған ардагерлеріміз шара соңында өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, ақ баталарын берді.
Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аудару, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасау, мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта мерекеге орай қарияларымыздың арасында олардың денсаулығын жақсарту, өмірге деген құлшынысын ояту, ақыл-ой өрісін шынықтыру, сергектіктерін қалыптастыру мақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан сайыс өтті. Сайысқа ауыл қариялары белсенділік танытып қатысып, нәтижесінде жеңімпаздарымыз арнайы алғыс хаттармен және де естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ұлт рухын көтеріп, жастардың санасын оятып, ұлттық болмысымызды келер ұрпақ тәрбиесінде қалыптастыратын, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны қашанда ерекше. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші, ардагерлерді құрметтеу– болашағымызға жасаған құрмет деп білеміз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.