Қарттар мерекелік көңіл күйге бөленді

Қазақы ұғымда ертеректе наурыз — амал айы деп аталып, бұл күні жаңа жылдың басталар күні адамдар қазақы қалыпта төс соғыстырып, айқара құшақтасып, аман-саулық сұрасқан.
Бұл салт-дәстүр әсіресе еліміздің батыс аймағында өз мәнінде сақталып, жалғасын тауып келеді. Сол әдет-ғұрыптың жалғасындай мереке біздің ауданда да аталып өтті.
Осы орайда өткен аптада аудан орталығындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы қарттарымыз қазақы нақышта киініп, Көрісу күнін сән салтанатымен өткізді.
Жыл басы Амал күніне жиылған іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, айтулы мерекенің сәнін кіргізді. Сондай-ақ, шараны Есет Әлімжан жүргізіп, «Асыл ана», «Бір кесе шай», Шәмші әндерінен попурри орындап, кешті қыздыра түсті.
Осылайша, Амал мерекесін ауыл үлкендері де көңілді өткізіп, жастық шаққа оралғандай әсер қалдырды. Мерекелік шара соңында жиналған қариялар атынан ел ағалары Уразғали Жулдызбаев пен Ерғали Есенаманов ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты
Бақыт ИМАШЕВ