Қариялар — сарқылмас қазыналар
Жыл сайын ауданымызда Қарттар күні тұрақты түрде аталып өтіледі. Бұл күні аға буын өкілдеріне зор құрмет көрсетіп, ерекше көңіл күй сыйлауға асығады. Биыл да бұл мереке ауданымызға қарасты Жосалы ауылында өзіндік деңгейде аталып өтті.
Мерекеге орай шағын ауылдың ауызбіршілігінің арқасында Жосалы ауылдық клубында «Қариялар-сарқылмас қазыналар» тақырыбында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шарада ауыл үлкендеріне көңіл бөлініп, оларды құттықтап, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Кемпірсай және Жосалы ауылының зейнеткерлеріне концерттік бағдарлама ұсынылды. Мереке иелерін Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Нұралы Жамеков құттықтап, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, қарияларға арналған кеште мерекелік дастархан жайылып, ауыл ардагерлері бас қосып, мәре-сәре болды. Бұл шараның өтуіне демеушілік көрсеткен ауыл шаруашылықтарының басшылары. Шара соңында өздеріне көрсетілген ықылас пен қошеметке риза болған қарттар мен ақжаулықты аналар алғыстарын айтты.
Қариялар — халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. Сондықтан да, оларға құрмет көрсету-халқымыздың елдігін көрсетеді.
Жұлдыз КЕНЖЕ