ҚАРҒАЛЫНЫҢ ЖАНСАЯСЫ

Биылғы қоян жылы аудандық мәдениет үйінің өнері өрге өрлеген өнерпаздарының еңбектері күллі елге танылып, ізденістің жеңісі мен жемісін көрген жыл болды деугеде болады. Солардың бірі бесікте әсем әуенмен тербеген әке үнімен өсіп, мен «Қарғалының Жансаясымын» деп Алматы шаһарында өнер көрсеткен, дәстүрлі әндерді шебер орындап, ауылдас қариялардың батасын алып жүрген Жансая Даурбаева.

 

Айтса айтқандай Жансая  Қарғалы ауданы Бадамша ауылында сазгер әкесі Дабыл мен    ұстаз анасы Гүжайнаның тұңғыштары. Отбасындағы екі қыз, екі ұлдың ішіндегі үлкені.

2000 жылы шілде айының 11 жұлдызында дүниеге келіп, 6 жасында аудан орталығындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 9 сыныпты бітіріп, өнер жолына бет бұрады. Айта кету керек, ол мектеп қабырғасында да өнерге бейімділігін танытып, әкесінің үмітін ақтауға тырысып, өнерге, оның ішінде ән айтуға бейім, жауһазын қыз болып өсті.

Осылайша, 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы  музыкалық колледжге түседі. 2019 жылы аталмыш колледждің «Әлеуметтік – мәдени қызметі және халықтық көркем өнер шығармашылығ» бөлімінің «Педагог – мәдени демалыс ұйымдастырушы, халық аспаптар оркестрінің жетекшісі» мамандығы бойынша білім алып шығады. Аты айтып тұрғандай, біраз салалық бағыттағы өнер бастауын оқып танысады.

2019 жылы көпке танымал болуына себеп болған, қазіргі өнері өрге жүзген жас өнерпаздарға қара шаңырақ болған аудандық мәдениет үйінен жастар практикасынан өткен жас маман осында еңбек жолын жалғастырады.     Бұл күндері құтты мекенге айналған  мәдениет үйінің  өнер саласындағы қызметкері Жансаяның жетістіктері де баршылық. Сөзіміз жалаң болмас үшін, солардың  біріне тоқтала кетейік.

Жұмысқа келген жылы-ақ, әп дегеннен өнерімен танылған Жансая Хромтау қаласында өткен «Еркелей аққан Ор өзен» атты облыстық эстрадалық байқауында  жүлделі 2 орынды, сол жылы өткен ақын, драматург, композитор Байғанин ауданының тумасы Бәкір Тәжібаев атындағы  «Ән мен жырдың Ақбұлағы» атты аймақтық байқауда 3 орынды иеленді.

2020 жылы аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымының шығарған «Қарғалым менің» атты гимнін  тыңдармандарға шынайы болмыста шебер орындап  жеткізген әнші.  Расында, жүрекпен жеткізген өнер жүректен орын табады десек, ауылдастары арасында қошеметке бөленіп, ауыл өнер саңылақтарының арасында жоғарғы рухпен шырқалуда.

2021 жылы Ақтөбе қаласында «Қазіргі әлемдегі этно-фольклорлық өнер» және «Мәдениет  саласындағы  менеджмент» тақырыбындағы семинар тренингке де қатысып,  сертификат  алған. Сонымен қатар,  ҚР  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Облыстық халық шығармашылығы орталығының 60 жылдығы мерейтойлары аясында ұйымдастырылған «Айырық айшықтары»  ән байқауында да жүлделі 3 орынды иеленген.

Өнер адамының бос уақыты  көп бола бермейді десекте, Жансая өнер мен білімге қатар ден қойып, 2020-2023 жылдар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Музыкалық білім» бағыты бойынша білімін жетілдіріп, бакалаврлық дәрежедегі дипломын алған ізденімпаз жан. Жансаяның еңбегі мен нәтижесінің бір қатарын сөз еттік. Еңбегіне қарай бағындырған жетістіктері аз емес.

Жеңісті жылының есте қалары тақырыпқа арқау болған Тәуелсіздік мерекесі қарсаңы 5 жетоқсан күні Алматы қаласында өткен  «Тәуелсіздік ел жастары» қоғамдық қорының  ұйымдастыруымен өткен республикалық байқауына қатысты. Аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жансая Дабылқызы 1 кезеңінен өтіп, 2 кезеңге жолдама алып, нәтижесінде  байқауда «Қазақстанның үздік  мәдени қызметкері» атанып, төс белгі тағып, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Осылайша, жыл соңында еңбегі еленіп, жетістікке жеткен Жансаяның  келе жатырған ұлу жылында да  өнері өрге жүзіп, жемісті боларына сенімдіміз. Және де ауданымыздың атын шығарып, намысын биіктетер жастарымыз көбейе берсін демекпіз.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ТегтерЖетістік