Қарғалы су қоймасына судың келу қарқыны бәсеңдеді
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданына барды. Жұмыс сапары барысында Қосестек ауылында болып, Қарғалы су қоймасының жағдайын көрді.
1615 адам тұратын Қосестекте тұрғын үйлерді су басу дерегі жоқ, тек жергілікті демалыс саябағы су астында қалыпты. Әкімдік ауыл ішімен өтетін Қосестек өзенінің жағасын нығайтып, топырақ үйіп қойған.
Жергілікті тұрғындармен кездесуден кейін өңір басшысы Қарғалы су қоймасындағы ахуалмен танысты.
Жобалық қуаттылығы 280 млн. текше метрді құрайтын су торабы бүгінде 98%-ға толы. Қарғын судың ағыны секундына 200 текше метр болса, суды ағызу да дәл сондай, 200 текше метр транзиттік режіммен жіберілуде. Бір күн бұрын, қауіпсіздік мақсатында суды жіберу секундына 350 текше метр шегінде болды. Алдағы екікүндікте қоймадағы су ағынының толық төмендеуі күтілуде.
«Біз су қоймасының айналасын қарап шықтық. Қарғалы су қоймасына құятын өзендерде су деңгейінің төмендеуі байқалып отыр. Бұл күн сайын су қоймасына келетін су көлемі ағыны азая бастайды деген сөз. Жағдайды екі сағат сайын бағамдап отырмыз», – деді облыс әкімі.
«Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының мәліметінше, облыстың барлық үш ірі су қоймаларында жағдай қалыпты, судың келуі азая бастады. Қазіргі уақытта Ақтөбеге секундына 15-20 текше метр су, Саздыға небәрі 7 текше метр, Қарғалы су қоймасына 200 м3/с су келуде.
t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi