Қарғалы ауданында балалар өнер мектебі ашылды

Қарғалы ауданында Балалар өнер мектебінің ашылуы өтті. Бұл маңызды шара еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып, айрықша мәнге ие болды.

Өнер мектебі 150 орынға лайықталған. Мұнда қосымша білім берудің 5 түрлі бағыты бойынша 550-ге жуық бала өнерге баулынады.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев пен Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Ауданның құрметті ақсақалдары баталарын беріп, шашу шашты.

“Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеуінше, балалардың шығармашылық үйірмелерге қатысуы оларды көркем өнерге үйреніп қана қоймай, когнитивті дағдыларын қалыптастырып, оқуға ынтасын оятады, сонымен бірге өз-өздеріне сенімділігін арттырады. Өнер мектебінің ашылуы балалардың жан-жақты дамуына зор мүмкіндік береді, бұл, әсіресе, ауылдық жерде тұратын балалар үшін өте маңызды”- деді құттықтау сөзінде Ақтөбе облысы Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.


Мектептің жас өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, қонақтарға жаңа ғимараттың мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл өнер мектебі жас буынның шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосып, болашақ өнер жұлдыздарының қалыптасуына мүмкіндік береді.