ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше мән беруді тапсырған болатын.  

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деген еді Президент.

Біздің мақаламыздың кейіпкерін Бадамша ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері ұсынып, қарапайым жанның еңбегіне ризашылық білдіріп, тосын сый болсын деген сұранысына орай сөз етпекшіміз.

Расында, көптеген жылдардан бері елімізде нағыз еңбек адамына деген құрметтің азайып кеткені ешкімге құпия емес. Сондықтан да, бұл жағдайда ұжымның қарапайым еңбек адамына берген бағасы мен құрметі деп түсінеміз. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады.

Кейіпкеріміз нағыз жұмысшы мәртебесіне лайықты жан. Олай дейтініміз, айлығы шайлығына жетпейтін, елеусіздеу жұмысты адал атқарып, қоғамда қарапайым еңбекпен де қадірлі болуға болатынын дәлелдеп келе жатқан, ортасына сыйлы техникалық қызметкер әрі кейінгілерге ақылшы жан.

Олай болса Зоя Тулебаеваның анасы Батима, әкесі Урлаш Макаровтар. Олар Ақтөбе облысы кезіндегі Новоресей ауданы Көшенсай ауылының тумасы. Зоя осы отбасыдағы 6 перзенттің бесіншісі болып дүниеге келген. Новоресей ауданының Көктөбе кеңшарына қарасты мектептің 10 сыныбын 1985 жылы ойдағыдай бітіріп, 1988 жылы Ақтөбе қаласындағы №24 кәсіптік-техникалық училищенің «Астық өнімдерін анықтау лобаранты» мамандығын игереді.

Осылайша, мамандық алып шыққан жас маман Орынбор облысының біздің Степной ауылдық округімен көршілес Домбаровский ауданында сарапшы-зертханашы болып еңбек жолын бастайды.

Зоя  одан соң отбасылық жағдайына байланысты Бадамшаның іргесінде, кезіндегі Подхоз ауылына 1993 жылы қоныс аударады. Ал 1996 жылы Кемпірсай кеңшарына қарасты балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасады.

2002 жылдары Кемпірсай аты өзгеріп, шаруа ыдыраған кезде тұрғындар аудан орталығына қоныс аударғаны көпке мәлім. Сол кезде кейіпкеріміз де отбасымен бірге қоныс аударады.

Осылайша, 2002 жылы Зоя аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тазалықшы болып еңбек етіп, мекеменің басқа бағытқа ауысуына байланысты 2005 жылдан бастап, қарапайым еңбек адамына құрметпен қарайтын Бадамша ауылдық округі әкімдігіне техникалық қызметкер болып, еңбек жолын бастайды. Содан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді.

Сөзіміздің басында айтқанымыздай, мекеменің құрметті қызметкерінің ақадал еңбегі де ескерусіз емес. Қол жеткізген жетістіктері де баршылық. Атап айтар болсақ, кезіндегі аудан әкімі Рахат Сыдықовтың, Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдиннің алғыс хаттарымен марапатталған.

Ең бастысы өзі 20 жыл еңбек еткен мекеме қызметкерлерінің құрметіне бөленген жан. Сонымен қатар, қарапайым елене бермейтін еңбегі ардақталған еңбек адамы, ақылшы, қоғамдық жұмыстарда өзіндік үлесі бар абзал жан.

Бүгінде оның ұл-қызы білімді азамат пен азаматша болып өсіп, еңбек етуде. Ұлы Ақтөбе қаласындағы ауруханада бас есепшісі болса, қызы «Дефектолық» мамандығын игеріп, мектепте мұғалім болып қызмет жасайды.

Кейіпкеріміз Зоя ортасына сыйлы, қазіргі таңда да қызмет етіп жүрген қарапайым еңбек адамы.

Бақыт ИМАШЕВ