Карантинді арамшөп

Біздің ауданымызда өсімдіктердің сан-алуан түрлері көптеп кездеседі. Олардың ішінде карантинді арамшөптерде бар. Жатаған у кекіре мен дала арам сояуы карантинді арамшөптер қатарына жатады.  Осы аталған екі арамшөпті аудан аумағында кездестіріп жатамыз. Бүгінгі мақаламызда жатаған у кекіреге тоқталып кететін боламыз.

Жатаған у кекіре (лат.Acroptilon repens) Астралылар тұқымдасының маралтамыр тегіне жататын мәдени дақылдар түрлеріне орасан зиян келтіретін арамшөп өсімдік.  Жатаған у кекіренің отаны-Орталық Азия. Жатаған у кекіре өз тұқымынан және тамыр жүйесінен улы заттарды бөлу арқылы аллелопаттық әсер етеді. Арамшөп үй және түз жануарларына да зиянды әсер етуі мүмкін. Тереңге таралған тамыр жүйесі топырақты өңдеу жұмыстарын қиындатып, агротехникалық шараларды жүргізуде қиыншылық тудырып, шығындар көлемін едәуір көбейтеді. Арамшөп шаршы метр жерге 100 сабаққа дейін топталып, шоғырланып өседі.  Тұқыммен және вегатативті жолмен де көбейеді. Тамыр кесінділері топырақта 3 жылға дейін өміршеңді болып келеді. Тұқымдары топырақта 5 жылға дейін сақталады. Мамыр-маусым айларында  гүлдейді, жемісті маусым-шілде айларында береді. Ауа райы қолайсыз болса даму үдерісі тежелуі мүмкін. Себетгүл шоғыры өте жүзгіш болып келеді, сондықтан ағын су, жауын-шашын суымен, суармалы сулармен, тұқымдық материалмен және сабанмен, шөппен таралады. Жатаған у кекіренің түсі сұр-жасыл болады. Биіктігі 20-70 см. құрайды, сабақтары тік болып, жапырақтары кезектесіп орналасады.

Жатаған у кекіре секілді карантинді арам шөптерді, аса қауіпті зиянды организімдер мен өсімдік ауруларын зерттеумен  ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қарғалы аудандық филиалы айналысады. Қазіргі кезде ауданымызда жатаған у кекіре 22 шаруашылық қожалық жерлерінде, 2 мемлекеттік қор жерлерінде, 8 ауыл іші мен республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар 6 жолдардың бойында кездеседі. Аудан бойынша ошақ көлемі 304,6 га, ошақ саны 106 құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда ошақ көлемі 103,8 га,  ошақ саны 14 азайып отыр.  Карантинді арамшөптерге қарсы күрес шараларын Кемпірсай ауылдық округі мен «Кудря», «Табыс» шаруа қожалықтары  тұрақты, сапалы өткізу  арқасында екі шаруа қожалықтың жерлерінде біраз азайғаны байқалса, Кемпірсай ауылында ескі ошақ көзінің жоғалғаны байқалады.

Жыл сайын карантинді өсімдіктерге қарсы шаруа қожалық жерлерінде химиялық өңдеу жұмыстары, ауыл ішінде агротехникалық  күрес шаралары ұйымдастырылады. Ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесінде жылдан-жылға  карантинді арамшөптер ошағының көлемі азаюы байқалады.

   Е.ТУЛКИБАЕВ,

ҚР АШМ АӨК МИК «РФД және БӘО» РММ

Қарғалы аудандық филиал энтомологы