ҚАР ШЫҒАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Қытымыр қыс та аяқталып, көктем мезгіліне аяқ бастық. Жыл сайын көктем шыға су тасқыны қаупі бар аймақтар елімізді әбігерге салып, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы жұмыстардың жандана түсетіні жасырын емес. Осы орайда біздің ауданымызда да қар тазалау жұмыстары белсенді жүргізілуде.
 Наурыз айының онкүндігінде толассыз жауған қардың салдарынан өңіріміздегі қар тазалау жұмыстарымен айналысатын мекемелерде тыным жоқ. Коммуналдық қызметтер көшелер мен аулаларды қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, арнайы техникалар жолдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жаяу жүргіншілер жолдарын тазартуда. Жүргізіліп жатырған жұмыстардың мән-жайын Бадамша ауылдық округі әкімдігінен білген едік.
 — Ауданда қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Бадамша ауылдық округі бойынша жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмысына «ДЭУ-2010» ЖШС мердігер компаниясымен келісім шарт жасалды. Осыған орай бұл жұмыстарды аталмыш компания жүргізуде. Мердігер компанияның қарамағында бүгінгі күні К700-2 бірлік, погрузчик – 2 бірлік, МТЗ – 1 бірлік, КАМАЗ жүк көлігі-2 бірлік, шнекоротор – 1 бірлік, скоростной отвал – 1 бірлік техникалары бар. Сондай-ақ, өздеріңізге мәлім ақпан айының соңы мен наурыз айының онкүндігінде қар қалың түсіп, нәтижесінде жұмысшыларды әбірге салуда. Қардың көп түсуіне байланысты қар шығару жұмыстарына жеке кәсіпкер Николай Копущудің де техникалары (2 шахман, 1 МАЗ, 1 погрузчик) жұмылдырылып отыр. Айта кететін болсақ, бүгінгі таңда 16 540 текше метр қар шығарылды. Жұмыстарды әлі де тиянақты түрде жауапты мердігер кестеге сәйкес жүзеге асыра бермек,-дейді Бадамша ауылдық округ әкімі Ернар Дабилдин.
 Расыменде, қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қардың дер кезінде тазаланып жатырғанына аудан жұртшылығы да дән риза. Олар биыл қыс мезгілінде қардан тазалау жұмыстарында кедергі келтіретіндей жағдайлардың орын алмағанына қуанып, аудан әкімдігі мен жауапты мердігер компанияның жұмыстарына көңілдері толатындығын айта келе, ризашылықтарын білдіруде.
 Сонымен қатар, округ әкімі Ернар Дабилдин әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында да қар тазалау барысы туралы соңғы ақпараттармен бөлісіп, тұрғындарға үндеу жасауда.
«Қар күреу және шығару жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылып, бірінші кезекте негізгі көшелер мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың айналасы тазартылуда. Тұрғындардан жол қозғалысына кедергі келтірмеу үшін көліктерін дұрыс қоюды және тазарту жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұраймыз»,-дейді округ әкімі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА