ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ

Таң қылаң бере көшеге шықсаңыз, жол ашып, тротуар тазалап жүрген техникалар мен жұмысшыларды көресіз. Күннің суығына, желдің өтінде қалуына қарамастан, олар көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбек етуде. Осындай қарбалас жұмыстың нәтижесін аудан орталығы – Бадамша ауылының қар құрсауынан дер кезінде арылуынан-ақ байқауға болады. Көшеде еркін жүріп, тазалыққа куә болған тұрғындар еңбек адамдарына ризашылықтарын білдіруде.

Осы орайда қар тазалау жұмыстарының барысы туралы Бадамша ауылдық округі әкімінің орынбасары Роза Сибағатова мәлімет берді.

Ауылдағы қыс – тек ақ ұлпа қар мен әсем табиғат көрінісі ғана емес, сонымен қатар үлкен сын. Боран, қалың қар мен аяз жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді. Осы жауапты міндетті 2026 жылы ауылішілік жолдарды қысқы күтіп-ұстау конкурсының жеңімпазы атанған «НЭО+» ЖШС абыроймен атқарып келеді.

                  

Компанияда 2012 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Алдаберген Абишев – өз ісінің нағыз шебері. Ол еңбек жолын механизатор ретінде бастап, бүгінде мастер қызметіне дейін көтерілген. Қазіргі таңда оның жетекшілігімен ауданымыздың аумағындағы ауыл көшелерінен қар тазалау және қар шығару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өзі де ауыл тұрғыны болғандықтан, қыстың қатал мінезін жақсы біледі әрі жолдардың уақытылы тазалануы тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсінеді. Қысқы жол күтіміне заманауи әрі сенімді техникалар жұмылдырылған. Атап айтқанда, КАМАЗ жүк көліктері, автогрейдер, метла орнатылған тракторлар, тиегіш, шнекоротор және МТЗ тракторы үздіксіз жұмыс істеуде. Ұжымның ұйымшыл еңбегінің арқасында күніне шамамен 800 текше метр қар шығарылып отыр. Бұл – таңның атысынан кештің батысына дейін, аяз бен боранға қарамай табандылықты талап ететін ауыр еңбек.

Сондай-ақ, бұл салада жас механизаторлардың да үлесі зор. Атап айтар болсақ, Сергей Логинов, Нұрлан Казиев, Владимир Косарев, Александр Гуйван сынды жастар өздеріне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, туған өңірдің игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Компания тарапынан жас мамандарды қолдау мен үйретуге ерекше мән беріледі. Ал олардың тәлімгері – мол тәжірибесімен, техниканы жетік меңгеруімен ерекшеленетін Алдаберген Абишев.

Қыс мезгіліндегі жол тазалау жұмыстары көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда әрбір тазаланған көше мен ашық жолдың артында боран мен аязға мойымай, адал еңбек етіп жүрген жандардың маңдай тері жатыр. Бұл – төзімділік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін, ел игілігі үшін атқарылған абыройлы еңбек.

Осындай қажырлы жұмыстың арқасында ауыл тұрғындары қыс мезгілінде де қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруде. Бұл – өз ісіне берілген, ел қамын ойлаған еңбек адамдарының шынайы үлгісі.

Тілек БЕГАЙДАРОВ