Ізденген жетер мұратқа

Массаж жасаушы — бұл адамның қал-жағдайын жақсартып, денесіне үстірт механикалық әсер беретін маман. Ең бастысы массажистің бойында сабырлық, өз-өзіне сенім, жауапкершілікпен қатар дене күші мен төзімділігі маңызды.

Біздің кейіпкеріміз жоғарыда айтылған  талаптарды бойына сіңіре білген өз ісінің маманы. Ауданымызға танымал сипап емдеудің маманы, нақтырақ айтқанда тәжірибесі мол массажист — Майя Жаншина. Ол бұл істі жан-тәнімен атқарып жүрген қолының шипасы бар білікті жан.

Майя Берікқызы 1994 жылы  мамыр айында  Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген жас түлек заңгер мамандығында оқып, білім алып шығады. Одан соң Хромтау қаласындағы прокуратурада іс-тәжірибеден өтеді. Осы аралықта өзін мазалаған ойымен, массажист мамандығына келу жолдарын іздейді.

2018 жылы жолдасы Исламмен отау құрады. Кейін  қазіргі қоғамдағы жас аналардың басты мәселесіне айналған бала күтіміне қатысты түрлі патологиялық білімді арттыруға көмек етсем деген мақсатта осы массаждық мамандықты игеруді қолға алады.

Осылайша, ойында жүрген ісін жүзеге асырмақ болып, 2019 жылы  кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнес-Бастау» жобасына құжат тапсырып, жастарға арналған грантқа қол жеткізеді.

— Бастапқы кезде қиындықтар көп болды, кейін өз саламды жақсы көргендіктен тез алып кеттім. Бұл саламен айналысудағы басты ниетім әр бала біздің аманатымыз, болашағымыз сол олардың дамуы үшін мен де бір үлесімді қоссам дедім. Жалпы кәсіп бастау оңайға оңай емес. Өйткені, бұл мамандық ізденіс пен жігерді қажет етеді.  Осы мақсатта  ізденіп, қалаларға барып, білікті мамандардан тәжірибе алмасып, бүгінде қызмет етіп келемін,-дейді кәсіп иесі.

Міне, жұмыс бастағалы бес жыл ішінде көпті көрді, көргенін көңіліне түйді. Нәтижесі де жоқ емес, басында жас ана мен балаға көмегім тисе деген шипагердің қолының шипасы алдына келгеннің бәріне тиіп, алғысқа кенелді.      Қазіргі уақытта кәсіби маман ретінде үлкендер массажы, ортопотология-неврология, логомассаж, моторлы онтогинез, жеңіл босану курсы, жүктіліктен соң қалыпқа келу курсы, от массажы, банкалы массаж, дренажды массаж,  хиджама «қан алу», шертпе, косметология, т.б. тұрғыдағы массаж түрлерін  өзі атқара береді.

Сондай-ақ, Майя массаж кабинетімен қоса «Мерей» орталығының негізін қалап 1000-нан астам адамның емделіп шығуына қолдау көрсетіп жүрген, ауданның мақтанышына айналған бірден-бір іскер әйел деуге болады. Жолдасы Ислам №2 Бадамша орта мектебінде ағылшын тіл пәнінің мұғалімі. Отбасында үш баланы өсіріп, тәрбиелеп келеді.

Әлбетте, массажистердің бойында тылсым күш болады. Ол алақандарында, яғни алқандары қызып тұрады деп жатады. Расында, Майяның да жалындаған жігері мен жетер шыңы әлі алда. Оған қоса дертіне шипалы массаж алған жандардан алғыс алуы да өзіне демеу болары сөзсіз.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»

ТегтерКәсіп