Ит екеш итке де құжат керек

Газетіміздің өткен жылғы соңғы санында бұралқы иттер мәселесі жайында сөз еткен болатынбыз. Бұл жолғы мәселенің мәнісі өзге.

Нақтырақ айтар болсақ, «итің жаман десе» намыстанатын тұрғындарға «итіңді қадірлесең, құжаттандыр» деген бағытта мамандардың талап-тілегі мен ережесін түсіндіру мақсатында аудандық ветеринариялық стансасы директорының орынбасары, мал дәрігері Жәнібек Есенбаевпен  болған әңгіме барысын жеткізуді жөн көрдік.

 Жәнібек Есенбайұлы, сіз иттерді құжаттандыру жайында аудан тұрғындарына кеңес бере кетсеңіз?

-Орынды сұрақ. Заман талабына сай, қазіргі таңда ит екеш итке де паспорт қажет. Анығына келсек, көп адам бұл жайында біле бермейді. Білсе де немқұрайлы қарайды. Итті ұстап, тұтудың өзіндік талап ережесі бар. Қысқаша түсіндіре кетейін, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің нұсқауында көрсетілгендей, жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы ҚР Заңына сәйкес 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап, ит пен мысықтарға чип тағып және оларды арнайы есепке қою міндеттелді. Ит пен мысықты чиптеу, яғни қазақы айтқанда құжаттандыруға тоқталсақ, одан иелеріне пайда болмаса, еш зияны жоқ. Алып-қашпа әңгімеден гөрі, мамандарға сенген дұрыс дер едім.

Интернеттен алынды

Еліміз бойынша ит-мысық иелері түсіністік танытып, есепке алдырып, чиптауға келісім беруге міндетті. Заңға қайшы әрекет еткендерге, айыппұл да қарастырылғанын еске сала кеткенде артық болмас. Қалай десек те, заңның аты заң, ол жалпыға ортақ. Біз де арнаулы нұсқауға сай еңбек етіп жатырмыз. Өткен 2024 жылы аудан бойынша «Таңба» дерекқор базасына 280 ит, 69 мысық тіркеліп, сәйкестендіру таңбасы берілді. Сонымен қатар, аудан округінің кейбір ит-мысық иелері «TortTulik» (Төрт түлік) мобильді қосымшасын да пайдалана бастады. Әлімбет ауылдық округінен-15, Ащылысайда-24, Бадамшада-8, Велиховта-2, Желтауда-23, Кемпірсайда-13, Қосестекте-34, Степнойда-  25 адам, барлығы188 адам тіркелген.

 

Осы сәтті пайдалана отырып, ауыл тұрғындарына ескерте кеткім келеді. Аты айтып тұрғандай, төрт түлігіңізді ауыл кезіп сабылмай, түгендеп, аман-саулығын, өсіп-өнгенін үйіңізден шықпай-ақ білгіңіз келсе,  мобильдік жүйеге тіркеліңіздер дегім келеді. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, заманауи талапқа сай  ит пен мысықта да тұрақты мекен жайын анықтайтын құжаты болуы керек. Бұған немқұрайлық танытпай, жауапкершілікпен қарау қажет. Оған қоса толық ақпарат жайында біздің мекемеден біле аласыздар.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерМәселе