Инвестиция тарту – өңір өркендеуінің кепілі

Президент Жолдауында айтылғандай, елімізге инвестиция тарту – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін ең маңызды бағыттардың бірі. 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға 9,9 трлн теңге инвестиция құйылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,1%-ға артық көрсеткіш. Демек, шетелдік және отандық инвесторлар еліміздің экономикасына сенім артып, әртүрлі салаларға қаржы салып отыр. Әсіресе тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салалары ерекше назарға алынған.
Ақтөбе облысына келсек, мұнда да инвестиция көлемі жылдан жылға артып келеді. Өңірдің жер қойнауы бай, өнеркәсіп әлеуеті зор, сонымен қатар ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Жаңа зауыттар салынып, жолдар жөнделіп, ауылдарға әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Инвестицияның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың тұрмыс сапасы артуда. Қарапайым тілмен айтқанда, келген әрбір теңге – өңірдің болашағына салынған үлес. Сондықтан да Ақтөбе облысында жүріп жатқан істер – «Әділетті Қазақстан» жолындағы нақты нәтижелердің көрінісі.
Қалмағанбетов Бижан, облыстық мәслихат депутаты




