«ИГІ ІСТЕР» МАРАФОНЫ ӨТТІ

         Республика көлемінде өтіп жатқан «Игі істер» марафоны аясында ауданымызда тазалық акциясы өтті.

Мәдениеттіліктің бастауы – тазалықта.  Сондықтан да, осы мақсатта ауылымыздағы карьерде «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылды.
Экологиялық бағыттағы іс-шара жастар орталығы мен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының қолдауымен өткізілді.

 

Карьер жағалауындағы «Игі істер» марафоны — бұл туған жерін сүюге және табиғатты қорғауға үлес қосуына тамаша мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жастарды ізеттілікке, парасаттылыққа баулу және де бәрімізге ортақ өлкеміздің тазалығы мен мәдениеттілігін сақтай отырып, осы игі іс-шараны жастар арасында насихаттау. Бұл бастама болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтаудың маңызды қадамы бола білді.

-Тазалық марафоны жоғары деңгейде өтті. Оған аудан жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағы белсенділік танытты. Бұл марафон тұрып жатырған жеріміздің табиғатын сақтап, таза ауасымен тыныстауға мол мүмкіндік береді. Сондықтан да, игілікті іс көпшілікке үлгі болары сөзсіз,-дейді жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.

Өзіміз тұратын ауылымызды таза ұстау әрбір тұрғынның басты міндеті. Осы орайда  «Жастар рухы» жастар қанаты аудандық филиалының төрағасы Шапағат Аманжол «Тазалық саулық негізі» дегендей, жастар қоршаған ортаның тазалығы мен аудан орталығының көркеюіне септігін тигізе отырып, аудан тұрғындары мен жастарын және барша демалушыларды тазалық пен сенбіліктерге белсенді түрде қатысуға шақырды.

Қазақта «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Ауданда қашанда игі бастамаларды қолға алып, көптеген мәселелердің шешім табуына себепші болып жүрген «AMANAT» партиясы аудандық филиалының да үлесі зор.

-Тазалық мәселесі қашанда ортақ. Сондықтан да, оған немқұрайлық танытпауымыз керек. Бұл жолы марафон аясында жаз мезгілінде адамдардың көбірек демалатын орны карьерге тазалық жұмыстарын жүргіздік. Игі іске ауыл жастарымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары да белсенділік танытты. Мені бір таңқалдырғаны аталмыш еңбек жасағы жастарының тазалық мәселесіне ауызбіршілік танытуы. Осы орайда оларға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ешқандай қарсылық танытпай, жұмыла бірлесіп, ерекше жауапкершілік таныта білді. Оған қоса Бадамша ауылдық округі арнайы қоқыс шығаратын көліктермен қамтамасыз етті. Табиғаттың болашақ ұрпағымыз үшін маңызы зор. Сол себепті де мұндай марафондар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін,-деген пікірін білдірді филиалдың атқарушы хатшысы Надежда Заглядова.

Осылайша, шара аясында белсенді ауыл жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары бірлескен күш-жігердің арқасында жағалауды түрлі қоқыстардан тазартты.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» демекші, біз барлық ресурс­тарды тікелей табиғаттан аламыз. Сондықтан өз саулығымыз үшін табиғат тазалығына әркез жауапкершілік таныта білейік!

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА