Халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет – Ассамаблеяның ХХХІV сессиясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында халықтық мейрамдарға баса назар аудару қажеттігін айтты.

– Биыл православ және католик қауымдарының Пасха мейрамы қатар келді. Мұның символдық мәні зор. Бұл – сирек қайталанатын құбылыс. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліміздегі барша христиандарды осынау мерекемен тағы да құттықтаймын. Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таң қалады.

Бұл олар үшін мультикультурализм және мультиэтникалық тұжырымдамалар тоқырауға ұшырап, тіпті, жоққа шығарылып, батыс әлемі жаһанданудан бас тартып, оқшаулануға қадам басып жатқан кезеңде қайран қаларлық құбылыс. Біздің іс жүзіндегі тәжірибемізден мәдениетті жатсынбайтын бірегей болмысымызды аңғаруға болады. Діліміз бен тұрмыс салтымыздың бір бөлігіне айналған нағыз халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басышсы «Наурыз», «Масленица», «Сабантой» және басқа да халықтық мерекелер ас ішіп, аяқ босататын, көңіл көтеретін ғана емес, ұлтымыздың рухы мен тарихын көрсететін іс-шаралар екенін атап өтті.

– Қазақстандағы көптеген этностың дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы осы жиындарда тоғысады. Бұл – «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаттың нақты көрінісі, – деді Президент.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.

Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».

INFORM.KZ