«GULAY» азық-түлік дүкені ашылды

Өткен аптада аудан орталығы тағы бір кәсіпкерлік нысанмен толығып, Әйтеке би көшесінің бойында «GULAY» азық-түлік дүкені ашылды.

         1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында халыққа қызмет көрсетуге арналған дүкеннің ашылу салтанатына жергілікті кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары, қонақтар қатысты. Ашылу салтанатының лентасын аудандық статистика басқармасының басшысы Райхан Рақымова кесті. Сондай-ақ, игі істердің басы-қасында жүретін аудан кәсіпкерлері Мадина Искакова, Кульсин Илчебаевалар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, кәсібіне сәттілік тіледі.

Соңғы кездері аудан көлемінде шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылып келеді. Кәсіпкерлік саланың өркендеуі аудан тұрғындарының әлеуетін арттырады. Расында, азық-түлік қай уақытта да қажеттілігі жоғары, сұранысқа ие тауар. Сондай-ақ, кәсіптің бұл түрі табыстың да тұрақты көзі бола алады. Сол табыс көзін аша білген жандардың бірі – Мирасбек Айтбаев.

Дүкен иесі өзінің іскерлік қабілетімен ауыл тұрғындарына етене таныс. Бұл кәсіпті ашқанға дейін өздерінің төрт-түлігінің еті мен ағарған өнімдерін сатып, кішігірім кәсіпкерлікті қолға алған.  Өзі Әйтеке би аудананың тумасы. 1990 жылдары Бадамшаға қоныс аударған. Қазіргі таңда жолдасы Айгүл екеуі 2 бала тәрбиелеп отыр.

-Заманымыз жылдан жылға, күннен-күнге дамып келеді. Оған қоса қазіргі таңда «Тірлік етемін» деген жанға мемлекет тарапынан мүмкіндік те көп.  Жеке кәсіпкерлік саланы бұған дейін де қолға алып, баққан малымыздың өнімдерін ауыл тұрғындарына тиімді бағада ұсынып жүрдік. Одан соң жеке кәсіпкерлік саладағы апаларымыздың ақыл-кеңес қолдауларымен дүкен ашуды көптен ойға алып жүрген едік. Сәті түсіп, өз қаражатымызды жинап, ең алдымен ғимаратын тұрғыздық. Өзім теміржолда жұмыс жасаймын. «Жігітке жеті өнерде аз»-демекші, бос уақытымда қолымнан келетін істермен айналысып еңбек етемін. Жолдасым да ауылшаруашылық саласында қызмет жасады. Қазіргі уақытта жұмыстан босап, осы кәсіпті қолға алудамыз. Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Сондықтан да, отбасылық кәсіпті бір-біріміздің қолдауымызбен бастап жатырмыз. Жаспыз, мүмкіндігіміз барда неге өзімізге қызмет етпеске деп, азық-түлік дүкенін аштық. Шүкір бастамасы жаман емес, алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын дамыту ойымызда бар,-дейді Мирасбек Көптілеуұлы.

Қалай болғанда да адам  еңбектен қол үзбегені дұрыс. Себебі, сен өзіңнің қолыңнан келетін ісіңмен айналысу арқылы табысыңды арттыра аласың. Кейіпкеріміз Мирасбек те еңбек еткеннің болашағы жарқын екеніне сенеді.

Дүкендегі азық-түлік бағалары қол жетімді. Туарларды өздерінің көліктерімен Ақтөбе қаласынан жеткізіп отырады. Сонымен қатар, жұма сайын тұрғындарға нан тегін таратылуда. Және де тұрмысқа қажетті азық-түліктер мен заттарды аталмыш дүкеннен таба аласыздар.

Балаларының болашағы үшін қажыр-қайраты бар да еңбек етуді көздейтін отбасы, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етуді көздейді. Дүкеннің «GULAY» деп аталуы да қызының есімімен байланысты екен.

«Қимылдаған адам қыр асады»,-демекші Айтбаевтар отбасының болашаққа деген жоспарлары көп. Алдағы уақытта кәсіп иелері наубайхана ашуды ойға алған. Қазіргі таңда ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіп бастап, оны өркендету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда кәсіп иесі әрқашан өзіне демеу болып жүрген жарына деген ризашылығын жасыра алмады. Өйткені, отбасыда бір-біріңе деген қолдаудың маңызы зор. Сондай-ақ, бұл отбасы үшінші сәбилерін күтуде.

Ендеше, отбасылық кәсіпте береке болары сөзсіз. Олай болса, ойлаған армандары жүзеге асып, еңбегіне қарай өнбегі демекпіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерКәсіп