«Finik» әмбебап дүкені ашылды
Жыл соңында ауданға қарасты Әлімбет ауылдық округінде «Finik» дүкені ашылып, тағы бір жаңа кәсіпкерлік нысан өз жұмысын бастады.
Айта кететін жайт, жыл сайын ауданымыз бен ауылдық округтерде кәсіперлік сала қарқынды дамып келеді. Оның үстіне «Тірлік етемін» деген жанға мемлекет тарапынан мүмкіндік пен қолдау да көп. Сондай-ақ, кәсіп көзін тауып, тұрғындар қуанышын арттырып, оларға қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі ерен.
Сондай жанның бірі – Кішкенебай Бақытжан Байдуллаұлы. Кәсіп иесі округ орталығынан жаңа ғимараттың құрылысын қолға алып, нәтижесінде дүкен ашып, жаңа жылдың алдында салтанатты түрде ашылу рәсімін жасады.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, аудандық қоғамдық кеңес төрайымы, Әлімбет ауылдық округінің әкімі мен ауыл тұрғындары қатысты.
Дүкеннің ашылуында алғашқылардың бірі болып сөз алған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Тәженов өзінің лебізін білдіріп, кәсіп иесіне сәттілік тіледі.
— Жыл сайын ауданымызда жаңа жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде, міне тағы бір кәсіпкерлік нысан іске қосылып отыр. Мемлекетіміз қашанда шағын және орта бизнеске айрықша мән беріп, оларға түрлі қолдау көрсетуде. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жобалары іске асырылуда. Аталған бағдарламалардың ең басты ерекшелігі өте төменгі пайыздық мөлшерлемеде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бағдарламалар аясында ауданымыздың кәсіпкерлері жаңадан кәсіп ашып немесе жеке кәсіптерін кеңейту үшін қажетті құжаттарын тапсырып, төменгі пайызбен несие алып, шаруаларын жүргізуде. Солардың бірі бүгінгі Әлімбет ауылындағы «Finik» дүкенінің ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастауы. Бұл жерде айта кететін жайт, кәсіпті ауыл тұрғыны Бақытжан өз қаражаты есебінен нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтыған. Ашылғалы отырған жаңа нысан тек қана қоғамдық тамақтану орны ғана емес, оның ішінде қосымша шағын наубайхана мен дүкен де бар. Оған қоса жеке кәсіпкер алдағы уақытта да аталмыш мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін одан әрі кеңейту жоспарында бар екендігін атап өтті.
Жаңа нысанның лентасын аудандық қоғамдық кеңес төрайымы Жанылсын Исмагулова мен ауыл ақсақалы Салимгерей Қалдыбаев кесті. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатында ауылдық округ әкімі Мейрамбек Мысаев сөз сөйлеп, халықтың игілігі жолындағы жасап жатқан істеріңіз оңынан болсын деп ақжарма тілегін жеткізсе, ауыл ардагерлері ризашылықтарын айтып, ақ батасын берді.
Кәсіпкер Бақытжан ойға алған дүкен құрылысын өзінің қаражатымен қолға алады. Осылайша, өз еңбегімен нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бастаған ісін аяқтап, ауыл тұрғындарына қажетті азық-түлікті тиімді бағамен қамтуды қолға алуда. Жоғарыда дүкенді «әмбебап» деп атауымыздың өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, қазақта әмбебап сөзінің маңызы зор. Ол — адам бойындағы жан-жақты, көп қырлы, сан салалы, бесаспаптық қасиетті білдіреді. Ал бүгінгі жаңа кәсіп иесінің де сан қырлы қасиетін ашып жатқан кәсібінен-ақ аңғаруға болады. Өйткені, «Finik» атауын иеленген жаңа ғимараттың ішінде дүкен де, қоғамдық тамақтану орны мен шағын наубайхана бар.
Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Өйткені, кәсіпті игеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Десе де, қазіргі таңда бір ғана кәсіппен айналыспай, қолыңнан келетін бірнеше істі дөңгелетуге де болады. Ең бастысы ниет пен адамның ынта-ықыласы, тәжірибесі болса жеткілікті. Бүгінгі кейіпкеріміз де осы қасиеттердің арқасында бір нысанда үш кәсіптің басын құрап, отбасылық кәсіпті, ортақ нәсіпке айналдырып, дамытпақшы.
Олай болса, «Finik» дүкені алдағы уақытта ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, болашақта шағын ауылдағы үлкен кәсіпкерлік нысанға айналарына сенеміз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА