ФАРИДАНЫҢ КІСІЛІГІ МЕН КІШІПЕЙІЛДІЛІГІ
Қандайда бір ортада еңбегімен қатар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жан-жағына шуақ шашып жүретін жандар болады.
Біздің кейіпкеріміз де ауылдастарының атын атап, түсін түстемей, жас ерекшеліктеріне қарай ізеттілік көрсетіп, көңілін таба білген сыйлас ортасының құрметтісі, бір сөзбен айтқанда қарапайым еңбек адамы — Фарида Какенова жайлы болмақ.
Фарида 1967 жылы кезіндегі Ленин ұжымшарының 3-бригадасы болған Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Кейіннен «30 лет» ұжымшарының атауымен де аталады. Әкесі Каби Какенов 1925 жылы туған ҰОС ардагері. Ол Қосестекте орманшы болып қызмет жасаса, ал анасы Рахима 12 баланы өмірге әкелген батыр ана. Анасы да аталмыш ауылдағы жанармай құю бекетінде оператор болып еңбек еткен.
Фарида ата-анасының 9-шы перзенті. Ол Қарабұтақ ауылындағы Қызыл-флот мектебінің 8 сыныбын бітіріп, Әлімбеттегі училищенің аспаздық бөліміне оқуға түсіп білім алады. 1984 жылы бұл училищені тәмамдағаннан кейін, екі жыл аспаз болып еңбек етеді. Алайда, ауылда малға етене жақын өскен қыз «30 лет» ұжымшарында сауыншы болып жұмыс жасап, кейіннен қырманда да еңбек етеді. Жастайынан ізеттілік пен кішіпейілділікті бойына сіңірген Фарида жұмыстастарының үлкен-кішісіне қарамай, кісілік танытудан танған емес. Сол қасиетінің арқасында ауылдастары құрмет тұтып отырады. Еңбегі де бір кісідей бағаланып, әр атаулы мерекелерде марапатталып келеді. Күні кеше ғана Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты іс-шарада ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаковтың «Үздіктер» номинициясы бойынша — І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл жетістігі де өз қызметіне деген адалдығы мен еңбегінің жемісін аңғартады. Десе де, Фарида қай кезде марапаттан гөрі, адамгершілік пен кісілік қасиетін биік қоятын қарапайым еңбек адамы.
1998 жылы өмірлік серігі Марат Житеуовпен отау құрады. Жолдасы Қосестек ауылының тумасы. Олар 2017 жылы Степной ауылына қоныс аударып, Фарида «Степной» ЖШС-де 270 бас ірі қараны бордақылау базасында ерлермен қатар түрлі жұмыстарда еңбек етеді. Отбасында 2 қызы бар, екеуі де жоғары білімді. Үлкен қызынан екі жиен немересі бар. Кіші қызы Степной ауылдық әкімдігінде маман болып қызмет етеді. Жолдасы еңбек жолын малшы болып бастап, бүгінгі таңда «Степной» ЖШС-де қойшы болып еңбек етіп жүр.
Еңбекті талғамайтын нәзік жанды, жоғарыда айтқанымыздай, үлкенге сәлемін, кішіге ізетін жазбайтын кейіпкеріміз степнойлықтарға кішіпейілділігімен қадірлі жан.
Бақыт ИМАШЕВ