ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕСТІ КҮНДЕР

Соғыстың азабын ұмыту мүмкін емес. Бұл сұрапыл соғыстың аяқталғанына да 80 жыл деп, өмірден өткендерге ізет, арамызда қатары азайып бара жатырған сұм соғыстың куәгерлеріне құрмет көрсетілуде.
«Біз де оқ пен оттың ортасында жүрмесек те, «соғыс» деген ұғымның жаман екенін сезіп, балалық шағымызды қара жұмысқа арнап, бұл күнде ұрпағымыздың амандығы мен бейбіт заманды тілеп отырған жандармыз»,- деген әңгімесімен бастады кейіпкеріміз.
Сол заманында жастайынан еңбекке жегілген бұрымдылардың бірі- Несібелді Кашкимбаева. Ол 1937 жылдың 5 наурызында Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Анасы Кариманың айтуынша әкесі Шибинбай түрлі саяси қудалаумен жер аударылып келген көрінеді. Кейіпкеріміз әкесін көріп те үлгермеген. Бір ата-анадан туған 3 бауыр ана тәрбиесін көріп өседі. Бүгінгі күні 1928 жылғы апасы мен 1931 жылғы ағасы дүниеден өткен. Ол бауырларымен бірге жастайынан ұжымшарда еңбек етеді.
«Мен жастайымнан анамның қасында еңбек еттім. 6 кластық білім алып, ең алғашқы жұмысым бидайдың масағын жинау, бұзау бағудан басталды. Есейе келе ұжымшарға тұрақты жұмысқа ауыстым. 1954 жылы бұрынғы анам еңбек еткен Дзержинский ұжымшары ірілендіріліп, «Передовик» ұжымшары болған кезде сонда еңбек етіп жүріп, 1956 жылы Түсіп Сұлтанұлымен тұрмыс құрдым»,-дейді Несібелді апайымыз.
Отбасын құрған жастар біраз жыл ата-енесімен бірге тұрады. Осылайша 4 ұл мен қызды дүниеге әкеледі. Ата-аналары ұжымшарда көтерме жұмыс жасай жүріп, немерелеріне де қарайласады. Жолдасы Түсіп марқұм да өз заманында ауданға, облысқа танымал еңбек адамы болған. Ұжымда мал шаруашылығын дамытуға, соның ішінде қойшылық еңбегі еленіп, бірнеше рет марапатталған. 2010 жылы өмірден өтеді.
«Өткен күнде белгі жоқ» демекші, зымыраған уақытта жолдасы екеуі 50 жыл өмір кемесінде бірге жүзіп, ұрпақ сүйіп, бар-жоқты бірдей көріп, еңбек етуі өткенді еске түсірер белгі емес пе?!
Кейіпкеріміз ұжымшарда еңбек етіп, 1987 жылы көп балалы ана болған соң, 50 жасында зейнеткерлікке шығады. Еңбегі де елеусіз қалмай, Кеңес дәуіріндегі әр жылғы жетістіктері үшін марапатталып, төсбелгіге ие болған. Оған қоса ҰОС жылдарының мерейлі жылдарында да тылдағы еңбегі еленіп, мерекелік медальдармен мараптталып келеді.
Сондай-ақ, Несібелді апайымыз бүгінгі күні ортаншы ұлымен бірге тұрады. Балаларының барлығы аяқтанып, еңбек етуде. Ұрпағынан 10 немере, 15 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Ардақты ананың бүгінгі тілегі ұрпағының амандығы мен заманымыздың тыныштығы.
Бақыт ИМАШЕВ