ЕРТЕ ЖАСТАҒЫ ЖҮКТІЛІК — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
«Қызға қырық үйден тыйым »- дейтін ата-баба дәстүрі көмескі тартқан тәрізді. Бүгінде еркін өскен қыз балалар арасында ерте есейіп, балиғатқа толмай бала сүйетін жағдайлар кездесіп жататынын жасырудың қажеті жоқ сияқты. Осы тақырып аясында біз жасөспірімдер арасында түрлі тәрбие шараларын ұйымдастыруға ұйытқы боп жүретін Әлімбет орта мектеп-балабақшасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнаш Иштаевамен сұқбаттасқан едік.
— Айнаш Төлепбергенқызы, етек алып тұрған ерте жүктілікке қатысты не айтасыз?
— Мамандар ерте жүктілік жыныстық қатынас туралы білімнің жеткіліксіздігінен деп жатады. Расында, қазақ отбасыларының көпшілігінде аталған тақырып төңірегінде әңгіме қозғалмайды. Қыз бен анасының, ұл мен әкесінің арасындағы жылы қарым-қатынастың жоқтығы да бұған кері әсер етеді. Тіпті көптеген отбасыларда бұл тақырып жабулы күйінде қала беретіні жасырын емес. Қанша ұялып, бетті басып, қашып кеткіміз келгенімен, бұл тақырып бәрібір айналып келіп, алдымыздан шыға береді. Жастардың ерте бастан жыныстық қатынасқа түсуі қоғамдық қасіретке ұласып барады. Тіпті қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Дәл осы «жабық тақырыпты» жылы жауып қою да дұрыс емес, себебі технология дамыған заманда жасөспірімдер интернет желісі және теледидар арқылы әр түрлі жайттардан хабардар болып отыратыны белгілі. Біз қанша тұсаулағанымызбен балалар өз беттерінше «үйреніп», «тәжірибе жинақтап» жүр. «Қорыған жерге бала мен ит өш» екені де түсінікті. Нәтижесі жаға ұстатарлықтай, ел жаңалықтарынан 14-15 жасар қыздарымыздың жүкті болып қалып жатқанын естіп, көріп жүрміз. Тіпті 7-сыныптың баласы жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан емделіп жатқанын да естідік. Интернет басылымдарына көз жүгіртсек, мұндай хабарлар жетіп артылады.
— Ендеше мектепте ерте жүктіліктің алдын алу тақырыптары жиі қозғалатын болар?
— Әрине. Өзекті мәселемен күресудің ең тиімді тәсілі — алдын алу, сақтану ғой. Сондықтан, біздің Әлімбет орта мектеп-балабақшасы да басқа білім мекемелері секілді арнайы құрылып бекітілген жоспарға сәйкес, ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізіп тұрады. Мәселен, қыркүйек айында мектеп медбикесі 5-9 сыныптар аралығында жас ерекшеліктеріне қарай «Жеке гигиенаның ережелері» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Биология пәні мұғалімдері жылдық жоспарға сәйкес, 8-11 сыныптар арасында жыл бойы «Ағзадағы физиологиялық өзгерістер» туралы мәліметтер беріп отырады. Әлеуметтік педагог жоғары сынып оқушыларымен «Алғашқы махаббат» тақырыбында жеке сұхбат ұйымдастырды. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінде биология пәні мұғалімдері 8-11 сынып оқушыларымен «ЖҚТБ қалай жұғады?» тақырыбында әңгіме қозғады. Ерте жүктілік тақырыбы жоғары сыныптардың ата-аналар жиналыстарында қаралып, мектеп психологы ата-аналарға баламен жыныстық өмір туралы сөйлесуді қалай бастау керектігі жөнінде кеңестер айтты. Ал, мектеп медбикесі ауылдық амбулатория дәрігерімен бірлесіп, 9-11 сыныпта оқитын қыздарға «Ерте жүктіліктің алдын алу» жөніндегі әңгімелесулерді жиі өткізеді. Мектептің әлеуметтік педагогы мен медбикесі 7-11 сыныптың қыздары арасында жыныстық зорлық-зомбылық туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Айтпақшы, біздің Әлімбет орта мектеп-балабақшасында «Әсем қыздар» клубы жұмыс істейді. Атына заты сай клуб мектептегі қыздарды адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеумен айналысады.
— Әңгімемізді түйіндесек, жасөспірім қыздарға не айтар едіңіз?
— Кез келген ерте жаста жүкті болған қыз бала әлі әйел болып қалыптасып үлгермегендіктен, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Жасөспірім қыз «күнәсіне» қысылып, әке-шешесінің, туған-туыстарының қас-қабағына қарап, жабырқап, күйзеліске ұшырайды, қорланып, қысылады. Елдің көзіне түсуден қашады, тасада тығылып өмір сүреді. Жүктілігі енді біліне бастағанда жасыру үшін оны белдікпен немесе орамалмен қатты тартып тастайды да, іштегі баланың толық жетіліп, дамуына зиянын тигізеді. Сөйтіп туған бала әлжуаз, кейде кемтар да болып шығуы мүмкін.
Қыздарға, барлық жасөспірімге айтарым, дені сау әрі әдемі болу үшін ең әуелі жеке бастың тазалық гигиенасын сақтап жүрген абзал. Ең маңыздысы, отбасын құрғанға дейін жыныстық қатынастан бас тарту керек.
Алина Мухамедиярова.