ЕРЛІКТІ ҰМЫТПАУ — ЕЛДІКТІ ҰЛЫҚТАУ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2023 жылдың 25 қарашасында «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы» бекітілді. Сол құжаттың бір бөлігі тұтастай жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, оларды ҚР Қарулы Күштерінің дәстүрі негізінде тәрбиелеу ісіне арналған. «Өткенін білмеген елдің ертеңі бұлыңғыр» дейді халық даналығы. Өскелең ұрпақ үшін кешегі от кешкен бабаларының өмірі де үлгі болуға тиіс. Осыған орай тарихи жадыны сақтау, ескерусіз қалған ерлердің есімдерін тірілту жолында еңбек етіп жүрген «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағлиевке жолығып, бірнеше сұрақтар қойған едік .
-Мұрат Жанатайұлы, қоғамдық бірлестік қашан құрылды және оның негізгі мақсат-міндеттері қандай?
— «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді қазақ. 2019 жылы құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің миссиясын осы бір ауыз сөзбен бейнелеуге болатын сияқты. Оның басы-қасында осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр.
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздестірумен жүйелі түрде айналысатын еліміздегі бірден-бір ұйым. Әртүрлі деректер бойынша Қазақстаннан майданға 1 млн 300 мыңнан астам адам аттанып, оның 630 мыңы қаза тауып, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Біздің бірлестік құрылғалы бері 4 мыңнан астам боздақтың аты-жөндерін, қай елде жерленгендерін анықтап, олардың артында қалған тікелей ұрпақтары мен туған-туыстарына хабарладық.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің көмегімен майдан даласында опат болған 16 отандасымыздың сүйегін елге жеткізіп, әскери құрметпен жерледік.
Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе ұлы дәстүр. Ендеше сол көбінің артындағы ұрпағы да қалмаған 271 мыңнан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді.
Сол себепті биыл 22 маусым күні тұңғыш рет елдегі барлық мешіттерде бір мезгілде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арнайы құран бағышталып, дұға оқылды.
«Atamnyn Amanaty» өзінің қызметінің халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып жүзеге асыруда. Қазір бұл ретте 50-ден астам меморандумдарға қол қойылды. Биыл қыркүйек айында Алматыда «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференция өткіздік. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған бұл форум ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздестіру қозғалыстарының өзара іс-қимылы үшін ашық диалог алаңына айналды десе болады.
«Atamnyn Amanaty» өз жұмысын негізі үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт, майдангерлерді әскери құжаттары бойынша архивтерден, түрлі форумдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Бұл өзі инемен құдық қазғандай дүние. Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Біздің еркітілер тобы жыл сайын Калуга облысында өтетінн «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына жыл сайын қатысады. Биыл да барып, қатысып, Ақмола облысында жасақталған 387-ші атқыштар дивизиясы соғысқан Ульяновск ауданында ескерткіш-белгі орнатып қайттық. Үшінші бағыт – ел ішінен туыстарын іздестіру, яғни ТМД ғана емес бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама жерлестеріміз жатыр. Олардың көбі Еуропаны (Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және тағы басақ елдерді) азат ету барысында шейіт болса, енді біразы тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқандар. Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік.
Із-түссіз кеткен әкесінің дерегі табаны күректей сексен жыл өткен соң табылып, қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып тұрып егілген қарияны көргенде еріктілер еңбегінің зая еместігін сезінесіз.
-Іздестіру барысында жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездесетін шығар. Бір-екі мысал келтіре кетсеңіз.
-Кейде адам сенбейтін оқиғаларға куә боламыз. Қызылорда облысының тумасы Жантас Батырханұлы майданнан оралмаған әкесінің інісі Айтуған Меделхановты ұзақ жыл нәтижесіз іздейді. Бір күні көкесінің өзі түсіне кіріп, «Ең алдымен Зубов деген адамды тап, сол арқылы мені табасың» деп аян берген көрінеді. Ол біздің ұйымға өтініш бергенде бізде жалғыз ғана ілік бар еді, ол — майдангердің Ленинград облысында қаза тапқаны болатын. Волонтер Айгүл Аитова Ленинград түбінде қаза тапқандардың аты-жөндерін көтеріп, алдымен Зубовты тауып алады. Артынша Айтуған Меделханов та табылады. Олар Колпино қаласы үшін шайқаста қаза тапқан екен. Жантас аға туған жердің топырағын алып барып, көкесінің рухына құран бағыштап қайтты.
Тағы бір мысал, Әлімбатыр Жабағинов пен Қошқар Құлмағамбетов есімді екі жауынгер бірге соғысып, бір зиратта жерленген екен. Олар майданға аттанған кезде елде қалған 5-6 жасар ұл-қыздары кейін ер жетіп, отбасын құрған көрінеді. Бірақ, ерлі-зайыптылар 80 жыл бойы әкелерінің бірге қаза тауып, бір зиратта жатқанынан бейхабар болып келген. Оны біз арқылы естіді.
—Жастармен ұмыс, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу қоғамдық бірлестіктің тағы бір бағыты болып табылады ғой?
-Дұрыс айтасыз. Бауыржан Момышұлы өзінің әйгілі «Қанмен жазылған кітабында» былай дейді: «Әскери тәрбие проблемасы — бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады. Ата-ана тәрбиесі — мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі — адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді».
Еліміздегі орта мектептер мен жоғары оқу орындарында жастармен тәрбие жұмысы біршама жолға қойылған деуге болады. Өкінішке орай, бұл ретте назардан тыс қалып отырған екі әлеуметтік топ бар, олар – жұмысшы жастар мен орта-арнайы білім беретін оқу орындарының (колледждердің) студенттері. Жұмысшы жастар мүлде бөлек әңгіменің тақырыбы. Ал бүгін біз жоғарыда айтылған колледждерде оқитын мыңдаған студенттер жайын сөз етпекпіз.
Өскелең ұрпақ өзінің өткен тарихын білуге тиіс. Мәселен, биыл «Аталар аманатына адалмыз» атты акция өткізіп, онда әрбір колледждің студенттері Қазақстанда жасақталып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан двизиялар мен құрмалардың тарихын, майдан жолын зерттеп, солар жөнінде ғылыми-іздестіру жұмыстарын жасады. Сол зерттеулердің барысында «Даналық» колледжінің студенттері даңқты 101-ші атқыштар бригадасының соңғы көзі тірі солдатын – 102 жастағы майдангерді тапқан еді. Өкінішік орай, Ржев түбіндегі қанды шайқасқа қатысып, соғысты Кеннигсбергте аяқтаған Сатылған Бекмағамбетов ақсақалдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар Ақтөбе қаласынан жақында жетті. Батырдың топырағы торқа болсын! Оның өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
«Мың естігеннен бір рет көрген артық» дейді қазақ. Сол себепті Астана қаласының бір топ студенттерін қала түбіндегі Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімге алып бардық. Жасөспірімдер казармадан бастап, қару-жарақ, әскери техникалармен, иісшіл итермен танысып, солдат ботқасынан дәм татып, жауынгерлік өмірмен етене танысты. Бір күннің ішінде олардың әскери қызметке деген көзқарастары түбегейлі өзгерді деуге болады. Көбі бұрынғы ойларынан айнып, қажет болса Отан қорғаушысы ретінде сапқа тұруға тілек білдірді.
Қазіргі таңда біздің «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде әскери өнердің әліппесін үйрету мақсатында далалық жиындарды жиірек өткізу ойымызда бар. Мысалға, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы ҚР КК Әуе Күштерінің Әскери институтының базасында курсанттар демалысқа кеткен мезгілде балалар мен жасөспрімдер үшін жазғы жиын ұйымдастыруды ұсынбақшымыз. Жиын барысында олар осы жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен, әскери ұшақтардың түрлерімен жақынырақ танысып, болашақ ұшқыштар машықтанатын тренажерлерді тікелей басқарып көрер еді. Жастардың бойында отансүйгіштік рухты сіңіру үшін осындай іс-шаралар ауадай қажет деп есептейміз.
Бұдан бөлек, біз ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Бүгінгі күні әскери-патриоттық тәрбие беру саласында жүйелі көзқарастың жоқтығы байқалады. Оған мүдделі тараптар арасындағы ведомствоаралық өзара бірыңғай іс-қимылдың болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен қатар, бұл салада ұрпақтардың ауысуын ескере отырып, қазіргі жастардың кумирі кімдер және олар нені қалайды деген мәселелерді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жасаған жөн.
«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» Үкімет қаулысымен бекітілді. Енді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі де соны жүзеге асыруға белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қосатын болады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз барлық отандастарымдың рухына тағзым ететін көпшілік орынға айналар еді.
Осының бәрі өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қамы, өтйкені оларға кешегі от кешкен ата-бабаларының өмірі үлгі-өнеге болуға тиіс. Ерлікті ұмытпу – елдікті ұлықтау деген сөз.
Сұхбаттасқан Ә.Смайлов
«Atamnyn Amanaty» ҚБ баспасөз қызметінің жетекшісі