ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

9 мамыр – ел тарихындағы айрықша мәнге ие, ерлік пен елдік рухты ұлықтайтын қастерлі күн. Бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларды еске алып, сұрапыл соғыстың ауыртпалығын көтерген ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне тағзым ететін тағылымды мереке. Жеңіс күні – өткенге құрмет, бүгінге шүкірлік, келешекке аманат.

Осы айтулы күнге орай ауданымызда бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы «Даңқ» аллеясында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

           

Естелікке толы жиынға аудан ардагерлері, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.

Жиналған қауым Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Шара барысында сұрапыл соғыс жылдарындағы майдангерлердің қайсарлығы мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі ерекше ілтипатпен аталды. Бүгінгі бейбіт тіршіліктің қадірін ұғындыратын бұл мереке ел бірлігінің, отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын белгісі екені айтылды.

Сондай-ақ, аудан өнерпаздары патриоттық әндерді әуелете шырқап, көпшілікке ерекше рух сыйлады. Ал Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары майдангерлердің суреттерін қолдарына ұстап, ерлікке тағзым ретінде еске алу рәсіміне  қатысты. Бұл әсерлі сәт жиналған жұртшылықтың жүрегіне тебіреніс ұялатып, батыр бабаларға деген құрметті айшықтай түсті.

Сонымен қатар, мереке аясында аудан басшысы  Нұрлыбек Унербаев соғыс ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Ардагерлерге жылы лебізін арнап, Ұлы Жеңіске қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғысын білдірді. Майдан даласындағы өшпес ерлік пен ел игілігі жолындағы адал еңбек кейінгі буын үшін әрдайым өнеге болып қала беретінін атап өтті. Кездесу барысында ардагерлерге гүл шоқтары мен сый-сияпаттар табысталып, ақжарма тілектер айтылды. Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, елдің тыныштығы мен берекесіне ақ баталарын берді.

                 

Жеңіс мерекесіне орай «AMANAT» партиясы да ардагерлерге құрмет көрсетуді назардан тыс қалдырған жоқ. Аталмыш партияның Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова мен аудандық мәслихат депутаты Дүйсен Қожақов  ардагерлерге барып, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, партия депутаттары өз округтерінде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ардагерге көрсетілген құрмет – тарихқа тағзым, елдікке деген адалдықтың көрінісі. Батырлар ерлігі ұмытылмай, аға буынға деген ілтипат жалғасын тапқан жерде ұлт рухы әрдайым асқақ болмақ. Жеңіс рухы – жүректерде, ерлік өнегесі – ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Жұлдыз КЕНЖЕ