ЕРЕН ЕҢБЕК ИЕСІ
Қай өңірде болмасын, еңбегімен елге танылып, сол өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдары баршылық. Солардың бірі — Шәмші ауылының тұрғыны Айдарбай Бикеев.
Ол 1958 жылы қаңтар айында Орынбор облысында дүниеге келген. 1963 жылы отбасымен Ақтөбе облысы Қобда ауданының Ақырап кеңшарына қоныс аударып, осы өңірде 1964 жылы мектепке барып, оны 1974 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Оралдағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының «агрономия» факультетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын 1979 жылы тәмамдап, ауылға келіп жұмыс жасайды. Осылайша,1982 жылы Қызылжар кеңшарына бригадир болып ауысады. Көп кешікпей жас маманға сенім артқан басшылар 1982-1983 жылы Ақырап кеңшарына бас агрономдық жұмысқа тағайындайды.
Одан соң кезінде жаңадан құрылған Исатай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, яғни 1987-1991 жылдар аралығында бас агрономдық қызметін атқарады. Одан соң 1998 жылға дейін сол аудандағы жер қатынастар бөліміне қарасты жерге орналастыру комитетінде бас маман болып қызмет етеді.
Одан соң 1998-2004 жылдар аралығында жеке қожалықтарға агрономиялық кеңесші еңбек етеді. 2004 жылы кезіндегі Александровка (қазіргі Шәмші Қалдаяқов) ауылына қоныс аударып, осы ауылдағы В.И.Пацаев атындағы ЖШС-де 2004-2016 жылдары бас агроном, директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Соңғы жылдары ұжымшар ыдыраған тұста, өз отбасына тиісті жерді еншілеп, кәнігі жер маманы «Сәт» жеке қожалығын ашып, шаруаны қолға алады.
Айдарбай Сағынұлы отбасындағы 8 перзенттің төртіншісі. Әкесі қатардағы қойшы болып еңбек еткен. Қазір Айдарбайдың 726 гектар жері бар. Оның 200 гектары егістік болса, қалғаны шабындық. Биылғы егістікке де тыңғылықты дайындықпен келді. Шаруашылығында 3 жаңа трактор, шөп шабатын косилка, тырмалар сынды техникалары бар. Сондай-ақ, 3 механизатор, 1 күзетші тұрақты еңбек етеді. Табыстары да жақсы.
Ал енді биылғы жылы қолдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың арқасында шөпті дер кезінде шауып, жинап алды. Оған қоса 58 гектар жерге еккен картоп дәні 1 гектарына 17 тонна өнім алып, қажетінше оны пайдаға жаратып, қалғанын келесі жылғы тұқымдыққа қамбасында сақтауда. Шаруасына бейім еңбекқор азамат 10 бас сүтті тұқымды қашар сатып алған. Сатып алған техникалары мен тыңайтқыш, гербецидтерге субсидия алғанын тілге тиек еткен кейіпкеріміз, еңбек адамдарына қолдау білдіріп келе жатқан Үкіметке де ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта жаңбырлатып суаратын қондырғыны да алмақшы.
Кейіпкеріміз Айдарбай зайыбымен 1983 жылы отбасын құрып, бүгінгі күні зейнет жасында. Еңбек адамы отбасында үш бала тәрбиелеп, олардан тараған төрт немеренің қызығын көріп, ересектерін еңбекке баулып отыр.
Білім мен еңбек – адамзат үшін ең маңызды қажеттілік. «Еңбек бәрін жеңбек»,-демекші адал еңбек адамды шынықтырады, төзімділікке тәрбиелейді, мол жақсылыққа жеткізеді. Сондықтанда, қай кезеңде болмасын ең алдымен еңбек адамын құрметтеп, қолдап, өскелең ұрпақ¬қа үлгі етіп көрсетуіміз қажет.
Бақыт ИМАШЕВ