ЕРДІҢ АБЫРОЙЫ ЕҢБЕГІНДЕ

Елдің даму жолында еңбек адамының маңызы зор. Сондықтан да, қоғамда еңбек пен еңбек адамына деген құрметті арттыру керек.

Расында, еліміз қаншама қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Бұл жердегі менің ойым Кеңестік дәуірді аңсау емес. Десе де, ол кезде еңбек адамына көңіл бөлінді. Әсіресе, ауыл шаруашылығында бел жазбай еңбек етіп жүрген шаруаларға ордендер мен медальдарды былай қойғанда, астына жеңіл көлік, иығына қыс киетін ішік тон, ең кем дегенде кезінде қат болған үнді шайы беріліп тұрғанын көзіміз көрді.

Ақиқатында еліміз тәуелсіздік алып, әркім  өз алдына жеке қожалық болғалы еңбек адамдарының мәртебесі ескерусіз қалды деуге де болады. Соны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп биылғы Жолдауында басты назарға алып, жұмысшы мәртебесіне айрықша көңіл бөлуді тапсыруы  еңбек адамдарын шабыттандырғандай. Сондай-ақ, олардың еңбегін жарыққа шығаруға деген оңды тапсырма деп білеміз.

«Адамды адам ететін-еңбек» демекші, жастайынан еңбекке араласып, бүгінде өз кәсібін адал атқарып, шаруасын дөңгелетіп отырған еңбекқор жандар біздің ауданымызда да  баршылық. Солардың бірі — Шәмші ауылының азаматы Самат Кенжағалиевтің еңбегі жайында айтпақшымыз.

Кейіпкеріміз Саматтың ата-анасы Батыс Қазақстан облысынан қоныс аударған отбасы. Әкесі Амангелді мен анасы Қарашаш кезіндегі Александровка  (Қазіргі Шәмші) ауылына қоныс аударып, әкесі В.И.Пацаев атындағы ұжымшарда инженер-механик болып еңбек етсе, анасы В.И.Пацаев атындағы орта мектепте ағылшын тілінің мұғалімі әрі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін қоса атқарған.

Самат өзі осы ауылда туып-өскен. Ол 1974-1987 жылы В.И.Пацаев атындағы мектептің 8 сыныбын бітіріп, Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, одан соң Орал қаласындағы ауыл шаруашылық институтын 1997 жылы бітіріп шығады. Оқу орнын тәмамдаған соң, ауылға келіп осы ауылдағы аталмыш ұжымшарда астық қабылдау пунктінің меңгерушісі, бас агроном, дән сұрыптау агрономы болып еңбек етеді.

 

Осылайша, ұжымшардың ыдырауына байланысты өзіне тиесілі 27 гектар жерді алып, «Амандәулет» жеке қожалығын ашады. Аз ғана жерге 20 адамның  жерін алып, жер көлемін үлкейтіп, іске кіріседі. 272 га жер шабындықта шөп шауып шаруасын ыңғайлаған Самат жергілікті әкімдіктің көмегімен 10 жылға мемлекеттің меншігіндегі жерден 756 га жер алып, шаруасы толық аяққа тұра бастайды.

Қазір сауылатын 3-4 бас, оған қоса тағы да 15 бас сиырларын бағуда. Кезіндегі ұлтарақтай жердің қожасы бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Яғни 1 малшы, 1 механизатор және тағы да бір жұмысшы бар. Мұнда жұмыс жасайтындарға әлеуметтік бөлімнен еңбек ақыларына үстеме де қосылады екен.  Олардың жалақылары да ауылдық жерге жаман емес.

Егіндікпен қатар 120-130 бастай  қой малын өсіріп, 90 пайызынан төл алып игілігін көруде. Еңбектеріне қарай биылғы науқанда  7 мың  тай  шөп дайындап 27 га егіндіктен 22 тонна арпа алса, 15 сиыры да түгел бұзаулап, 120 бас қойдан 70 қозы өрген. Ал үй маңындағы қаз-тауыққа балалары қарап, жәрдем береді.

Кәсіпкердің шаруасына қолқабыс етіп, оның осындай жетістікке жетуіне ең алдымен үйдегі 80 жасты алқымдаған әкесі ақылшы болса, жары Самал да әрқашан демеу болып жанына табылып жүр. Сонымен қатар, өзінің жеке қожалығы болса да ағасына қарайласып, техниканы қарап жүрген Жанат інісі де әрқашан жанынан табылып, қолдау білдіруде.

Самат пен Самал отбасында 3 қыз бен 2 ұл өсіріп отырған қарапайым еңбек адамдары. Екі қызы жоғары білімді мамандар болса, кіші қызы биыл мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Астана қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, білім алуда.  Ұлының үлкені 9 сыныпта, ал кішісі 3 сыныпта оқиды.

Бұл күнде шағын жермен шаруа бастаған қожалықтың  шаруасы шалқып тұр деуге де болады.

Бақыт ИМАШЕВ