ЕР – ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ

Өткен аптада осындай атаумен аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Ең алдымен аудан басшысы жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
– Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылды. Еліміздің шекарасы белгіленіп, қарулы күштеріміз құрылды. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген азаматтарға алғысын білдіремін. Бұл күн мемлекетіміздің айбыны мен қуатын айғақтайтын мерейлі мереке,-деп атап өтті аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев.
Сонымен қатар, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауданымыздың даму жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыс етті.
Марапатқа ие болғандардың арасында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Нұрболат Базарбаев, аудандық қорғаныс бөлімінің күзетшісі – Нурбол Неталин, Энергосистема жүргізуші – Ерлан Уразбаев, Бадамша агротехникалық колледжінің күзетшісі – Виталий Витковский, аудандық Полиция бөлімінің кезекші бөлім аға инспекторы полиция майоры – Темиртас Жуасов, Степной дәрігерлік амбулаториясының жүргізушісі – Владимир Крестьян, аудандық полиция бөлімі, Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға лейтенанты, Учаскелік инспектор – Бакытбек Айтбаев та бар.
Мерекелік марапаттан соң шара аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Кеште би билеп, күй шертіп, патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Жұлдыз КЕНЖЕ