Энергетика саласының майталманы

Қандайда еңбектің көркін қыздырып, еселі жұмыс атқарып, өз мамандығының қыр-сырын жете меңгерген қарапайым еңбек адамдары болады. Сондай жанның бірі — Бадамша ауылының азаматы, қарапайым еңбек адамы Бисен Қожақов. Осы орайда кәсіби мереке қарсаңында өзімен тілдесіп, әңгімелескен едік.

-Бисен Танауұлы, сіз біраз жерде еңбек етіп, соңында осы энергетика саласынан зейнеткерлік демалысқа шықтыңыз. Олай болса, әңгімемізді балалық шақтағы өмір жолыңыздан бастасақ?

-Мен осы Қарғалы өңірінің азаматымын. Осында өсіп-өніп, еңбек еттім. Аса бір жаңалық ашпасақ та, адал еңбектің берекесін көріп, ұл-қыз тәрбиелеп келеміз. Ең бастысы ата-анамның берген тәрбиесі мен өнегесі өмірдегі басты ұстанымым. Бұл орайда айтпағым біздің қатарларымыздың ата-аналары кеңестік дәуірдегі зобалаңда белі қатпай жатып, балалықтың балғын дәмін тата алмай, жастайынан ауыр жұмысқа жегілген нағыз еңбек адамдары. Менің әкем Танау мен анам Бадегүлжамал да сондай заманнан ысылған еңбекқор жандар. Әкем 1901 жылы дүниеге келіп, 1941-1943 жылдар аралығында сұрапыл ҰОС-на қатысып, майданнан жаралы оралады. Одан соң 1962 жылға дейін теміржол саласында еңбек етті. Кейіннен Кемпірсай кеңшарында әкем малшы, ал анам күзетші, сондай-ақ, малшы, т.б. қызметтер атқарды. Осылайша, жалғасқан тіршілік толқынында 1970 жылы әкеміз дүниеден өтті. Анамыз бұйырған жасын жасап, қазір 90-ның үстінде. Десе де, әлі тың, ширақ. Ата-анадан 7 баламыз. Оның 4-уі қыз, 3-уі ұл. Мен отбасымдағы баланың екіншісімін.

-Ал, енді мамандығыңыз бен алғашқы еңбек жолыңыз қайдан басталды?

-Мен осы Кемпірсай ауылындағы мектептен білім алып, одан соң Әлімбет ауылындағы кәсіптік техникалық училищесінде оқыдым. 1973 жылы Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келіп, одан әрі осы Кемпірсай кеңшарында механизатор, бригадир, учётчик (егіндікті өлшеуші) болып, алғашқы еңбек жолымды бастадым.

-Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз?

-1977 жылы жарым Гүлтұрсынмен отау құрдым. Отбасымызда 3 баламыз бар. Бұл кісі де өз ісінің маманы. 1979 жылы Кемпірсайдағы балабақшада тәрбиеші болып қызмет етті. Сонымен қатар, 1985 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, білім алып, одан кейін өзі еңбек еткен балабақшада меңгерушілік қызметін де атқарды. Біз Бадамшаға қоныс аударғаннан кейін, аудандық орталық кітапханада суретші-безендіруші қызметін  атқара  жүріп, Алматыдағы жоғары оқу орнында қосымша білімін жетілдіріп, 1998 жылға дейін осы жерде еңбек етіп, 2017 жылы зейнетке шықты. Осылайша, қылқалам шеберінің еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық медалімен, облыстық мәдениет басқармасының бастығы С.Нұрқатованың алғыс хатымен, т.б. қол жеткізген жетістіктері ақ адал еңбектің айғағы. Расында, еңбектің қашанда бағасы мен өтеуі болады. Менің де иеленген марапаттарым аз емес. Бұның барлығы еңбектің нәтижесі деп білемін. Өйткені, еңбекпен  ғана ісің өнеді, тер төккен еңбегің жемісін береді, еңбек қана қиындықты жеңеді.

-Енді энергетика саласындағы қызметіңіз жайында не айтар едіңіз?

— Кезіндегі Кемпірсай кеңшары мен көптеген кәсіпорындар ыдырай бастаған тұста, біз аудан орталығы Бадамшаға қоныс аударып, кәсіпті өзгертуге тура келді. Аудандағы энергосистема торабына жұмысқа ауысып, 2002 жылы Ақтөбедегі ауылшаруашылық техникумының сырттай бөлімінде білім алдым. Осылайша, қызметімді қарапайым электр монтерлігінен бастап, 2005 жылы жауапкершілігі зор диспетчерлік жұмысқа ауыстым. Қазақы жалпылама тілмен айтқанда алдын-ала ақпараттандырушы маманы болдым. Сөйтіп, осы мекемеден 2020 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым.

-Зейнеткерлік кезең қалай өтуде?

-Зейнетке шығу дегеніміз, қоғамға қажетсіз дегенді білдірмейді ғой. Әлі де қоғамдық жұмыстардан қалыс қалып көргенім жоқ. Оған қоса балаларымды асыра айтып не қыламын, ел бағасын берер. Тұңғышымыз Дүйсен өз ісінің маманы. Аудандық газ бөлімшесінде көп жылдардан бері еңбек етіп келеді. Еңбегіне қарай сенім артқан ауылдастары да аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Қызым Айгүлім де отбасымен Ақтөбеде тұрады. Ваниль тәттілер кондитерлігінде жетекші маман болып қызмет жасайды. Ал кіші ұлымыз Тимур өрт сөндіру саласының маманы. Біз құдай қосқан қосағымыз екеуміз 9 немере мен жиеннің шаттығына кенеліп, ақ адал еңбектің жемісін жегенімізге тәубе етеміз. Осы сәтті пайдалана отырып, халықты жарықпен қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген барша энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жауапкершілігі мол қызмет барысында дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін.

 Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның  «Құрметті азаматы»