Енді аудан әкімдерін де тікелей халық сайлайтын болады

Ербол ДАНАҒҰЛОВ,
Amanat партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы
Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде атқарылып жатқан саяси реформалар туралы айта келе, жергілікті билік мәселесіне тоқталды.
«Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады», — деді Президент.
Президент Жолдауында да алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керектігін, сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті екендігін айтқан-ды. Мемлекет басшысы Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырып, бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан Аmanat партиясының тәжірибесін ескеру керектігін айтқан-ды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл 17 ақпанда
ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған оқу бағдарламасы — «Әкімдер мектебі» жобасы аясында ауылдық округтер әкімдерінің оқуы басталды. 14 наурызға дейін жоба аясында 120 әкім оқудан өтті. Бұл мектеп ауыл әкімдеріне жергілікті басқару, әкімшілік қызметтерді тиімді атқару, ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу және әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын іске асыруда қажетті дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
Сонымен бірге әкімдердің басқарушылық құзыреттіліктерін дамытып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға көптеген септігін тигізетін болады.
Жалпы, елімізде 2021 жылғы шілде айында бастау алған ауыл әкімдерінің тікелей сайлануы көптеген жаңашылдыққа әкелді. Аталған уақыттан бері облыста 161 ауылдық округтер мен аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтті, кейбір округтарда әкімдердің басқа қызметке ауысуы сияқты себептермен қайта сайлаулары да өткізілді. Жалпы, осы уақыт аралығында «Amanat» партиясынан ұсынылған 147 кандидат округ әкімі лауазымдарына сайланды. Бүгінде облысымыздағы 135 ауыл және 7 қала әкімінің 131-і «Amanat» партиясының мүшесі, оның 123 сайлауда халық сеніміне ие болғандар, 8 әкім — 2021 жылға дейін тағайындалған аманаттықтар.
Бұл жаңашылдық қазіргі таңда сайланатын басқарушылардың жаңа санатының пайда болуына себеп болды. Мәселен, жаңадан сайланған әкімдердің 50%-дан астамы білім беру, денсаулық, мәдениет, спорт, квазимемлекеттік сектор салаларынан мемлекеттік қызметшілер. Президенттің айтуынша, билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады. Ұлттық құрылтайда айтылғандай, биылдан бастап барлық аудан әкімдерін де тікелей халық сайлайтын болады.