Еңбектенсең жемісін де көресің
Биыл еңбек адамына айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президенті өз сөзінде әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары дәл осы қарапайым жұмысшылардың қолымен жасалғанын бірнеше рет қайталап айтқан еді.
Біз де ауданымыздағы еңбек адамдары жайында хабардар етіп келеміз. Олардың қай-қайсысының да еңбектерін дәріптеуге тұрарлық.
Бұл жолғы сөз етпегіміз елсіз қалған Мамыт өңіріне жан бітіріп, егін егумен айналысқан осы ауылдың перезенті Руслан Базарбаев жайлы болмақ.
Әкесі Айжігіт Мамыт ауылымен іргелес Көктөбе ауылында 1941 жылы дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін Степной ауылында автокөлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Ал анасы Ғазиза 6 қыз бен 3 ұлды дүниеге әкелген ардақты ана.
Әңгіме барысында кейіпкеріміздің өмірі мен еңбегі жайында сұраған едік. Олай болса, әрі қарай әңгіме желісін кейіпкеріміздің өз сөзімен өрбітсек.
-Мен 1971 жылы маусым айында Мамыт ауылында дүниеге келдім. 1987 жылы Степной ауылындағы Сазды мектебін бітіре салысымен ДОСААФ (Армияға, авиацияға және Әскери-теңіз күштеріне көмек көрсету жөніндегі еріктілер қоғамы) ол кезде әскерге бармас бұрын осы метепте әр түрлі мамандыққа дайындайтын, яғни Ақтөбе қаласындағы көлік жүргізушілерін дайындайтын оқуға түстім. Сол мектепті бітіріп келіп, Степнойда жұмыс жасадым.
1989-1991 жылдар аралығында сол кездері қауіп-қатері көп аймақ болған Ауғаныстанмен шекарадағы Душанбе қаласында әскери борышымды өтеп шынықтым десем де болады. Әскерден орлағаннан кейін 1992-1995 жылдары Ақтөбе қаласындағы құрылыс техникумын бітіріп, аз уақыт Степной кеңшарында механизатор болып жұмыс жасадым. Ал 1997-2000 жылдары Мамыт көмір кен орынында сату жөнініндегі үйлестіруші маман болып еңбек еттім.
2000 жылы ағаларыммен бірге «Нұр» шаруа қожалығын қолға алдық. Одан соң өз алдыма бөлек 2024 жылы дәлірек айтқанда, осы жылдың басында арпа бидай егумен айналысатын «Руслан Базарбаев» жеке қожалығын аштым. Менің айтпағым жұмыс жасаймын деген адамға қолдау бар. Оған дәлел менің Мамыт ауылынан жер алып, істі бастағанымды күткендей, көктем түсе іргелес Көктау ауылынан үдере көшкен шегірткелер берекетті алып, өзіміздің шамамыз келмеген тұста айтарлықтай еңбек адамдарға тоқтала кетіп, алғыс айтқым келеді.
Биыл Президент тапсырмасы бойынша Үкімет көктемгі егіс және астық жинау науқанын оңтайлы жүргізу мен егіндікті зиянкестерден сақтауға қатысты көмек көрсетуі бізге үлкен демеу болып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 6 жылдан бері ауыл шаруашылығы дақылдарын арамшөптерден, зиянкестер мен өсімдікте кезігетін аурлардан қорғау үшін химиялық тыңайтқыштар, жылдағы субсидия, жылда шөп, егін науқанында бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағар майлар, айта берсек Үкімет тарапынан қолдау баршылық. Көрсетіліп жатырған мұндай мүмкіндіктерді де айта кеткен жөн болар.
Біз биыл қолға алған егістік алқабында шегірткемен арпалыс кезінде бір ай бойы күні-түні еңбек еткен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Таженовтің жетекшілігімен, ауылшаруашылық саласының басшылары Валерий Лемле, Мугаззер Утешов, өсімдіктерді қорғау инспекторы Ғабит Досболаевтардың еңбектері өзгелерге үлгі боларлықтай. «Бізге ешкім көмек бермейді»,- дегендерге еңбек еткендерге көмек те бар дегім келеді.
Дер кезінде бірлесе шара жасағанның арқасында Степнойдың да егіндіктерін сақтап қалып, биыл бұйырған өнімді алдық. Жаңаның аты жаңа, жерді өңдеу, баптау сынды жұмыстар жетерлік, ол үшін жарақты техникалар да қажет. Қолданыста 1 комбайын, 4 трактор тырмаларымен бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта жер көлемін ұлғайту мақсатында жерді пайдалану, дәлірек айтқанда (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуды жобалап қойдық. 2024 жылы «Каз Агро Қаржы» АҚ жеңілдетілген несие беру бағдарламасы арқылы заманауи трактор сатып алуды рәсімдеп, оны енді күтіп отырмыз.
Жалпы алға қарай дамуда жарты жолда тоқтап қалмай, шаруамызды дөңгелете бермекпіз. Ал енді отбасыма тоқталатын болсам, зайыбым Гүлназбен 2000 жылы отау құрдым. Ақтөбе қаласында бас есепші болып еңбек етеді. Отбасымдағы екі қыз бен бір ұлдың анасы, шаруашылығымыздың да есеп-қисабын жүргізудегі көмекшім әрі ақылшым десем де болады. Үлкен қызым Еуропадағы магистратурада оқыса, екінші қызым Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алуда. Ұлымыз Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 7 сыныбына грантпен түсіп, қазір сонда оқып жатыр. Балаларымның білімге деген құштарлығы ата-ана тәрбиесінің жемісі болса керек. Әңгімемнің түйіні, еңбек етем деген жанға қашан да жол ашық, қолдау да бар.
Расымен де, бүгінде еңбек етем дегенге, түрлі мүмкіндік те, үкімет тарапынан қолдау да бар. Сол мүмкіндікті пайдаланып, қолдау көрген жандардың бірі бүгінгі кейіпкеріміз. Олай болса, екі қолына бір күрек алып жұмыс істеймін деген адам сылтау іздемей, әрекет ету керек. Еңбек – адамды адам етеді. Сондықтан да, ақадал еңбек адамы болғанға не жетсін?!
Бақыт ИМАШЕВ