ЕҢБЕКПЕН КӨРКЕЙГЕН ОТБАСЫ

Бүгінде қала тіршілігінен ауылға оралған жастардың қатары артып келеді. Ел ішінде «Ауыл аманатының» шапағатына бөленіп, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген жастарға жаңа қадам, кәсіп пен нәсібін көруге зор мүмкіндік берер жобаға қатысып, ауданға танымал болып жүрген «Мұстафа» кафесінің иесі – Мөлдір Жанахмет.

                   

Осы орайда биыл алғаш рет 29 қазанда атап өтілген кәсіпкерлер мерекесіне орай хабарласып, соңғы жетістіктерін білген болатынбыз.

Біздің кейіпкеріміз Мөлдір Сағынқызы – рухани байлықтың шырағы саналатын ордада кітапхана меңгерушісі болып қызмет етеді. Қазақта «Адам айдаса бармаспын, дәм айдаса қалмаспын» дегендей, жолдасы Дәурен екеуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Батыс Қазақстан өңірінен келіп, адал еңбектің арқасында елге танылған жарасымды отбасыға айналды.

Мөлдір Жанахмет 1992 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген. Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы педагогикалық институт пен Жәңгір хан атындағы университеттің түлегі. Мамандығы – биология және химия пәнінің мұғалімі.

Жолдасы Дәурен Мұханов та Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы университетті тәмамдап, мал дәрігері мамандығын игерген. Жас мамандар оқу орнын тәмамдаған соң «Дипломмен ауылға» жолдамасымен Степной ауылына келіп, еңбек жолдарын бастайды. Дәм-тұзы жарасқан қос жас 2012 жылы отбасын құрып, өмір кемесін алға жылжытады. Сол жылдардан бастап 2021 жылға дейін Степной ауылында жұмыс істейді.

Мөлдір ауылдық кітапхана меңгерушісі бола жүріп, ауылдастарына тәттілер дайындап, кәсіп бастауға машықтана бастайды. 2021 жылы бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан ол, сол мезгілде Дәуреннің жұмысына орай Бадамша ауылына қоныс аударады.

Ауылда тәттілер пісіруді меңгерген Мөлдір бастапқыда тұрғын көп, талғамы жоғары бадамшалықтардың көңілінен шығам ба деген толқыныспен бизнеске бет бұрады. Сол жылы мемлекеттен грант алып, өз ісін бастап, табысқа жете бастайды. Алдымен кенже ұлы Мұстафаның есімімен аталған шағын дүкен ашып, бүгінде жеті адамды жұмыспен қамтып отырған «Мұстафа» кафесі ыстық тамақ, кондитерлік өнімдер мен жартылай дайын тағам түрлерімен танымал орынға айналған.

Мемлекеттік грантпен іс бастаған отбасы бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қажетті мұздатқыш, пеш, асүйлік комбайн алып, игілігін көруде. Биыл сұранысқа орай «Мұстафа» тәттілер дүкенін де ашып, жұмыс аясын кеңейтіп отыр.

Мөлдір 2025 жылы барып-келуі қиындау болса да алғаш еңбек жолын бастаған Степной ауылдық кітапханасында қызметін жалғастыруда. Ал жолдасы Дәурен бүгінде отбасы бизнесінің қолдаушысы, шаруашылық жағының жетекшісі. Кезіндегі жас мамандар бүгінде аудандағы жастарға үлгі боларлық еңбегімен танылған көп балалы отбасы.

Еңбектеріне қарай марапаттан кенде емес. Мөлдір – іскер әйелдер қоғамдастығының белсенді мүшесі, өзінен кейін кәсіп бастағандарға ақылшы, бірнеше рет тегін курстар өткізіп, шеберлік сағаттарын ұйымдастырған. Кітапхана жұмысында да табыссыз емес – бала күтімі кезінде онлайн форматта «Оқитын өлке» байқауына үш рет қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталған.

Кәсіпкерлік жолында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының алғыс хатына, аудан әкімінің «Ауыл аманатына» белсенді қатысқаны үшін І дәрежелі дипломына және бірнеше рет алғыс хаттарға  ие болған. Бұл – адал еңбектің жемісі.

Ауданымызда еңбегімен елдің алғысына бөленіп жүрген жастар – бүгінгі ауылдың тірегі, ертеңгі елдің үміті. Ауылға жастар көптеп бет бұрса, ауыл да, қоғам да көркейері анық.

Ендеше, осындай еңбекқор жастарға сәтті қадам тілейік.

Бақыт ИМАШЕВ