Еңбек иелеріне ерекше құрмет
Еңбек күнi — бұл адамдарды жаңа еңбек шыңдарын бағындыруға ынталандыруға, қолдауға және шабыттандыруға арналған мереке. Мұндай мереке әр елде атап өтіледi. Қазақстанда Еңбек күнi қыркүйектiң соңғы жексенбiсiнде тойланады.
Бұл күн Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылғы қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында бекітілді.
Осы орайда ағымдағы жылдың 26 кыркүйегі күні облыс орталығындағы “Қазақ еліне мың алғыс” стелласы алаңында аталмыш мереке аясында «Адал азамат – адал еңбек» мерекелік шарасы өтті.
Шараға өңір басшысы Асхат Шахаров қатысып, барша еңбек иелерін атаулы мерекемен құттықтап, белсенді еңбек ерлерін марапаттады. Сонымен қатар, «Қазақ еліне мың алғыс» стелласы алаңында өткен мерекелік шарада өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына тоқталып, әділетті Қазақстанды қалыптастыруда еңбек ете білудің маңызын, еңбек адамы қашан да сый-құрметке лайық екенін атап өтті.
Шара барысында, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуың ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болған, қайтарымсыз гранттар және шағын несие алған кәсіпкерлер «100 жоба» көрмесінде өз өнімдерін ұсынды. Асхат Шахаров алаңда ұйымдастырылған «100 жаңа жоба» көрмесін аралап шығып, жеке кәсіпкерлермен өнімдері туралы әңгімелесті. Өнімдерін ұсынғандардың қатарында біздің ауданымыздағы жеке кәсіп иелері де бар.
Сондай-ақ, шарада жұмыссыз азаматтар үшін «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Бұған қоса, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, облыстық кәсіпкерлер басқармасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының, Ақтөбе Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, Аграрлық несие корпорациясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және Еңбек мобильділігі орталығының қызметкерлері қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Концерттік бағдарламаға ұласқан мерекелік шара аясында «Адал азамат – адал еңбек» еңбек шеруі өтіп, әр салада қызмет етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсетілді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.