Ең бастысы — азаматтық жауапкершілік

Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,
Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуымен орайлас келіп отырған Ассамблеяның ХХХІV сессиясында бүгінгі күннің көптеген өзекті мәселесі көтерілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерзім ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын, еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналғанын айрықша атап көрсетті. Бұл, шынында да, біздің қоғамымыздағы басты құндылықтың — бейбітшіліктің бірден-бір көрінісі.
Президентіміз: «Басты міндет — Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз» деп келер күндердің бағытын да айқын айтып берді. Демек, бұл бәріміз бірігіп атқаратын, оның жүйелі түрде жүзеге асуына мүмкіндігіне қарай кім-кім де үлес қосуға тиіс парыз деп ойлаймыз.
Ассамблея сессиясында Президент журналистердің жұмысына да ерекше назар аударды. Мәселен, «ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды» екенін айта келіп, бұл журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет екенін нақты көрсетті. Сондай-ақ «Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн» деп баспасөз жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
Мемлекет басшысы тарапынан сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрінгісі келіп, еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүрген кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер сынға алынды.
Өкінішке қарай, демократияны желеу етіп, жасанды әрекеттерімен тыныштықты бұзатын ондай адамдарды біз де батыл айыптаймыз.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары».
aqtobegazeti.kz