ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕУІ

Әркімге өз жұмыс орны ыстық. Біздің кейіпкеріміз елу жыл темір жол саласында еңбек етіп, әріптестеріне сыйлы, қоғамда өзіндік орыны бар еңбек адамы – Салима Шарапатова жайлы болмақ.
Салима Ізбасарқызы 1949 жылы кезіндегі Ленин ауданының кеншілер мекені болып есептелген Тайкеткен ауылында дүниеге келген. Бадамшадағы №1 орта мектебінде 9 сыныпқа дейін оқып, алғыр қыздың болашағын ескерген кәсіподақ ұйымы темір жол саласына жолдама береді. Жас қыз Орск-Ақтөбе темір жол торабына аталмыш саланың «электро-мантер» білімін алып, еңбек жолын бастайды. Жастайынан еңбекпен шыңдалған қыз үшін қандайда болмасын жұмыстың қиындығы болмаған. Еңбек жолы жалғасып, бірнеше салада қызмет атқаруға тура келеді.
1965-1967 жылдар аралығында темір жол мантёры, 1970 жылдары техника қойма меңгерушісі болып қызмет етсе, 1971 жылдан бастап кезінде Орскіге қараған Кемпірсай темір жол бекетінде жол сілтеуші (стрелочник), қабылдаушы (приемосдатчик), кассирші, одан соң 2015 жылға дейін пост блогының кезекшісі қызметтерін атқарған. Сол жұмыста жүріп зейнеткерлікке шығады.
Айта кетер жайт, еліміз Тәуелсіздік алып, Кемпірсай бекеті Қазақстан темір жолына қарауына байланысты Салима да жұмысын қайта жалғастырады. Зейнетке шықса да қарап отыра алмай, кезінде Бадамшада ашылған шағын таксопаркте де еңбек етеді.
Кейіпкеріміздің қысқаша өмір жолына тоқтала кетсек, әкесі Ізбасар біздің ауданмен іргелес Жангелді ауылының бөлімшесінде жұмысшылар басшысы болса, анасы Рабиға ауылда қарапайым жұмысшы болған. Салима 9 жаста болғанда әкесі дүниеден өтіп, кейін үйдегі төрт баланың үлкені болғандықтан анасымен бірге жұмыс жасап, еңбекке ерте араласады.
Солай еңбекпен есейген қыз 1973 жылы Мырзагелді деген азаматпен отау құрады. Азаматы автокөлік жүргізушісі болып еңбек етіп жүріп, 33 жасында дүниеден өтеді. Жазымышқа не шара әкеден қалған 3 баланы да өзі жеткізеді. Үлкен ұлы Жәнібек Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжін “Дәнекерлеуші” мамандығы бойынша бітіріп, қазір Бадамша ауылында қызмет етуде, іскер азамат 2 ұлдың әкесі. Одан кейінгі ұлы Амангелді кеден ісі бойынша білім алып, еңбек етіп жүріп, бұл дүниеден ерте кетеді, алайда артында 1 ұлы қалған. Ал кенжесі Айгүл Алматы халық шаруашылығы институтының “Қаржы” саласын бітіріп, бүгінгі таңда Бадамша ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып еңбек етуде. Салима осы балаларынан 6 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Ол еңбекпен қатар қоғамдық ұйымдарға ұйытқы бола білген аудандағы іскер аналардың бірі. Өзі елу жыл қызмет еткен мекеме басшылары сенім артып, Комсомол ұйымдастырушысы, партия ұйымының хатшысы, аудандық кеңес депутаты, Халықтық бақылау ұйымының төрағасы, станция кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарған.
Еңбегіне қарай марапаттары да баршылық. Бәрін тізбектеп жатпай-ақ, өңірінде адал еңбектің белгісін көрсете білген оның жетістігін темір жол саласының мерекелік медальдарынан-ақ көруге болады.
Иә, расында кейіпкеріміз елу жылдық еңбегінің жемісін көріп, әлі де қарап отырмай үйде құрақ көрпе тігіп, жүріп қалған жан еңбекті әлі аңсайтындай.
Бақыт ИМАШЕВ