Еліміз біріңғай уақыт белдеуіне көшеді
1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңіріндегі сағат тілі бір ғана уақытты көрсететін болады. Яғни Астананы қоса алғанда, елдің басым бөлігі сағат тілін Ақтөбемен теңестіре отырып, 1 сағатқа артқа ауыстырады.
Өткен аптаның соңында көктемнің алғашқы күнінен бастап UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім қабылданды.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облысқа келген Сауда және интеграция министрлігі және уақытты есептеу жөніндегі жұмыс тобы делегациясы келді.
Осы шешімнің не үшін қабылданғаны туралы аталған министрліктің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевпен сөйлескен едік…
— Осы аптада еліміздің 5 өңірінде бірқатар іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Біз сапарымызды Ақтөбеден бастадық. Келудегі негізгі мақсатымыз — бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы қабылданған шешімді жұртшылыққа кеңінен түсіндіру.
Сапар барысында басқа да іс-шаралар өткізу жоспарда бар. Нақтырақ айтсақ: бірінші кезекте ішкі нарықты қорғау жөніндегі ахуалдық штабтың үйлестіруші органы ретінде басқа ведомстволардағы әріптестерімізбен мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттеріне барамыз. Онда тауарларды әкелуді бақылаудың тиімділігіне талдау жасап, мониторинг жүргіземіз. Жарақтандыруды, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау пункттерінің, құжаттамалық және физикалық тексеру жүргізудің қалай жұмыс істейтінін қараймыз. Барлық ұсыным Үкіметке, депутаттарға жіберілетін болады. Екіншіден, біз өңірлерде Техникалық реттеу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын сәйкес келмейтін өнімдерден қорғау, оны өткізуге жол бермеу мәселелерін қайта қарай бастадық.
— Бір уақыт белдеуіне көшуге неге дәл UTC +5 уақыт белдеуі қабылданды?
— Бұл мәселені жеке азаматтар, Парламент депутаттары да, қоғам белсенділері де бірнеше рет көтерді. Көбіне Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан ұсыныстар көп келді. Талқылаудың бірнеше кезеңінің нәтижесінде сарапшылар уақытты UTC+5 уақыт белдеуіне аудару Қазақстанның көптеген өңірі үшін ең дұрыс нұсқа болатындығымен келісті. Себебі Қазақстан UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан табиғи уақытқа UTC+6 емес, UTC+5 белдеуі сәйкес келеді.
Сол себепті осы шешімге тоқтадық.
— Қай аймақтар сағатты «жаңа уақытқа» ауыстыруы керек?
— Қазіргі уақытта Қазақстанда екі уақыт белдеуі қолданылады — UTC+5 және UTC+6. Яғни еліміздің, негізінен, батыс өңірлері қазірдің өзінде UTC+5 уақыт белдеуінде. Сондықтан осы уақыт белдеуіндегі Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары өзгеріссіз қалады.
Ал Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Ұлытау облыстарында 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстыру жоспарланып отыр.
— Осылайша 1 наурыздан бастап елордамыз және Қазақстанның барлық азаматы қазір Ақтөбеде қолданылатын уақыт бойынша өмір сүретін болады. Әлемдік тәжірибеде мұндай деректер кездесе ме?
— Әлемде бір уақыт белдеуінде тұратын 170-тен астам ел бар, тек 22-сі бірнеше уақыт белдеуінде тұрады. Бір уақыт белдеуін қолданудың айқын мысалы — Қытай. Батыстан шығысқа қарай созылған үлкен аумағы бар ел бір уақыт белдеуін пайдаланады.
— Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы мәселені зерттеу қалай жүргізілді?
— Сауда және интеграция министрлігі тарапынан түрлі салалардан 60-тан астам мүшесі бар жұмыс тобы құрылды, оның ішінде ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері бар. Жыл бойы қазақстандық ғалымдар мен түрлі салалардың сарапшылары Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Сарапшылардың пікірінше, «дұрыс емес уақыт белдеуі» десинхроноз, ұзақ мерзімді шаршау, ақыл-ой мен физикалық өнімділіктің төмендеуі, ұйқының, ас қорыту жүйесінің бұзылуы сияқты бірқатар ауру тудыруы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, жүйке, ас қорыту жүйесі аурулары, эндокриндік, жүрек-қан тамырлары аурулары — биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуінің салдары.
Қарапайым сөзбен айтқанда, сіз таңертең балаларыңызды қараңғыда күштеп оятып, балабақша мен мектепке баруға, ал олар ұйықтау керек кезде сабақ оқуға мәжбүрлесеңіз, оқу қиындайды, себебі бұл уақытта ми әлі «оянбайды» екен. Ал мұның арты жақсы болмайды.
— Уақыт белдеуінің өзгеруінің тағы қандай артықшылықтары бар?
— Қазақстанның бірқатар өңірлерінде уақыт белдеуін ауыстыру және осылайша бүкіл ел бойынша UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу көптеген қызмет салаларына да оң әсер етеді. Бірыңғай уақыт белдеуі көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартады, бизнесті жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылына оң әсер етеді. Бірыңғай уақыт белдеуінде болған кезде сапарларды жоспарлау, мемлекеттік басқару, банктік аударымдар жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету ыңғайлы, бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырады.