ЕЛ ТАҒДЫРЫНА ӘРДАЙЫМ БЕЙЖАЙ ҚАРАМАЙМЫН

Бақыткерей НҰРҚАЕВ,
еңбек ардагері, зейнеткер
Зейнеткер ретінде елімізде болып жатқан оң өзгерістерге әрдайым бейжай қарамаймын. Әсіресе 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы — ел болашағына әсер ететін маңызды саяси науқан. Бұл — халықтың сеніміне ие болған азаматтарды таңдап, олардың елдің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін жауапты кезең.
Өзім ұзақ жылдар Қарғалы ауданында ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Әлі де шаруашылықтан қол үзген емеспін. Велосипед теуіп, жаяу жүру күнделікті әдетіме айналды. Салауатты өмір салтын ұстанатын өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болғанын қалаймын. Сондықтан сайлауға қатысу — тек құқықтық емес, келер ұрпақ алдындағы да жауапкершілік. Өмірлік тәжірибемнен түйгенім — мемлекеттің өркендеуі әр азаматтың белсенділігіне байланысты.Қазір елімізде халықтың үнін тыңдауға, қоғамның пікірін ескеруге ерекше мән беріледі. Сондықтан Құрылтай депутаттарының сайлауына үлкен жауапкершілікпен қарап, өз таңдауымды жасаймын. Барша өңір тұрғындары да бұл маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық белсенділік танытса деймін. Әрбір берілген дауыс — еліміздің тұрақты дамуына, бірлігі мен берекесінің нығаюына қосылған үлес деп білемін.




