«Ел бірлігін, тұтастығы мен ұлттық құндылықтарды сақтау — басты міндет»

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңес төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің философия кафедрасының меңгерушісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы еліміз үшін аса маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Биылғы сессия Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл толуына арналды. Бұл дата еліміздің бірлік пен келісімге негізделген даму жолының символына айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сессияда сөйлеген сөзінде Ассамблеяның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылғанын айтты.
Сессия барысында Ассамблея мүшелері белгілі ғалымдар, жас зерттеушілер, журналистер клубының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары өз пікірлерімен, ұсыныс-тұжырымдарымен бөлісті. Қатысушылар елімізде қалыптасқан қазақстандық бірлік пен келісім моделінің маңызды екендігін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы — Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орын алатын бірегей институт. Ассамблея қызметі аясында ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі жүзеге асып келеді.
Президент өз сөзінде Ассамблеяның қызметін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда Ассамблея құрамына жастарды тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды сақтау, жанжалдардың алдын алу және қайырымдылықты дамыту жөніндегі жобаларды іске асыратын «Аналар кеңесі», «Ақсақалдар кеңесі», «Этномедиация кеңесі», «Ассамблея жастары» РҚБ, «Жомарт жан», «ҚХА журналистер клубы» және «Ғылыми-сараптамалық кеңес» орталықтары сынды бірқатар құрылым жұмыс істеп жатыр. Бұл құрылымдар аясында ұлттық бірлікті нығайтуға, тарихи жадыны сақтауға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік және мәдени жобалар іске асырылып келеді.
Еліміздің болашағына сенімді негіз қалайтын талантты және білімді буын — Ассамблея жастары — қоғамдық-саяси, ғылыми бағыттарда белсенділік танытып, мемлекеттілікті нығайтуға зор үлес қосып келеді. Мемлекетіміздің жастардың мұндай бастамаларына әрдайым нақты қолдау көрсетіп отырғаны белгілі.
Қазіргі жаһандық жағдайлар аясында Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Бұл кезеңде ел бірлігін, тұтастығы мен ұлттық құндылықтарды сақтау басты міндет екендігі айқын. Ассамблея осы құндылықтарды нығайту жолында маңызды рөл атқарады.
«Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл — нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр», — деді Президент. Яғни бірлік — біздің басты байлығымыз. «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деген дана халқымыз. Сол бірлікті сақтай отырып, тәуелсіздігімізді, ел тұтастығын нығайтуға әрбір азамат атсалысуы қажет.
aqtobegazeti.kz