Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні

Ағымдағы жылдың 8 ақпан күні обыр (рак) ауруын ерте анықтау мен оның алдын алу мақсатында аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті мамандарының ұйымдастыруымен емханада «Ашық есік» күні өтті.
Жыл сайын ақпан айының басында Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күннің басты мақсаты – халықтың онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы хабардарлығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы ақпараттандыру.
Айта кетерлігі, елімізде онкологиялық аурулардың көрсеткіші төмендер емес. Қазір 180 мың адам түрлі ісікке шалдыққан. Дәрігерлер жыл сайын кесел белгісі бар 35 мың адамды анықтап, тіркеуге алады. Өкініштісі, ауруды біржола жеңіп, құлан-таза айығып кететендердің саны аз. Сондай-ақ, Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері: сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды обыры.
Міне, осы мақсатта аудандық аурухананың онколог дәрігері Талғат Жолдыбай, жалпы тәжірибе дәрігері Мария Утепова және де салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің дәрігері Самат Мухтасаров аталмыш аурудың алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарына кеңес беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ашық есікке қатысушы тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарына мамандардан тікелей жауап алып, дәрігерлерге ризашлықтарын білдірді.
Обыр ұзақ уақыт бойы сезілмей, организмде белгісіз дамуы мүмкін. Сондықтан, оны кеш анықтау өте жиі кездеседі, кеш анықталса аурумен күресу қиынға соғады.
Сондықтан да, дәрігерлеріміз де өз кезегінде тұрғындарға денсаулыққа немқұрайлы қарамай, жыл сайын тексеріліп, уақытылы скринингтен өтуге шақырды. Бұл ең алдымен кез келген адам үшін маңызды екенін естен шығармау керек.
Қарғалы-АҚПАРАТ