ДӘСТҮРЛІ ЕСЕПТІҢ ЖАЛҒАСЫ

Аудандық балалар өнер мектебінде хореография, музыка, театр, көркем сурет және киім дизайны бағыттары бойынша түрлі шығармашылық бөлімдер табысты жұмыс жасап келеді.
Жыл сайынғы оқу маусымы аяқталар тұста ата-аналар мен жалпы көрермендерге арналған дәстүрлі есептік концерт өткізу — бұл оқу орнының игі дәстүріне айналған.
Өткен аптаның сейсенбісінде мектеп ұжымы 2024–2025 оқу жылындағы қорытынды есептік кешін ұйымдастырып, ел ықыласына бөленді. Кеш шымылдығын аталмыш мектептің директоры Айнагүл Мамбетова ашып, жыл ішінде қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, барша ұстаздар қауымына шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ, түрлі байқауларда топ жарып, мектеп мерейін үстем еткен дарынды оқушыларды арнайы марапаттап, дипломдар мен алғыс хаттар табыстады.
Мектептің дәстүріне сай ұстаздар қауымының жыл бойғы еңбегі де назардан тыс қалмады. Шәкірт тәрбиелеудегі табысы, шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі ескеріліп, бірқатар ұстаздар ерекше номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда: Алия Игізбаева — «Сахна сымбаты», Сания Абдрахманова — «Өз ісінің шебері», Кенже Мусабаева — «Мега мотиватор», Әділжан Бақбергенов — «Үздік ұстаз – 2025» аталымдары бойынша марапатталып, гүл шоқтары мен дипломдарға ие болды.
Кеш соңы әріптестердің жылы лебізіне, әсем ән мен мың бұралған биге ұласып, биылғы оқу жылымен қоштасу сәті көрермендердің көңілінен шыққан әсерлі мерекеге айналды.

Бақыт ИМАШЕВ