ДӘРІГЕРЛЕРІМІЗДІҢ ЖЕҢІСІ

Өткен аптада Әйтеке би аудандық ауруханасының ұйымдастырумен медицина қызметкерлері күніне орай аудан аралық медицина қызметкерлері арасында волейболдан жарыс өтті. Аталмыш спорттық сайыста өнер көрсеткен біздің аудандық аурухана ұжымы үздіктер қатарынан көрінді.

Медицина қызметкері күні қарсаңында және спорттық ойындарды насихаттау мақсатында өткізілген бұл шара — спорт арқылы ынтымақты арттырып, медицина саласының қызметкерлерін бірлікке, белсенді өмір салтына үндеген маңызды бастама болды.

Спорттық шараның ашылу салтанатында Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Талғанбек Түкібаев пен аудандық аурухана басшысы Жамбыл Жайлыбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Қарғалы, Әйтеке би, Ырғыз және Хромтау аудандарының ауруханаларынан құралған командалар қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар жоғары деңгейде дайындықпен келіп, спорттық шеберліктері мен командалық үйлесімділіктерін көрсете білді.

Ақ халатты абзал жандардың басын қосқан спорттық шара қызықты да тартысты өтті.  Нәтижесінде аудан намысын қорғаған біздің дәрігерлеріміз де үздік ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі ІІ орынға қол жеткізді.

Шара соңында жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және арнайы кубокпен, сондай-ақ естелік сыйлықтармен марапатталды.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерЖетістік