Дәрігер — мейрімділіктің жаршысы
Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау — адамға деген шексіз сүйіспеншілік пен қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі, ізгі ниетті маман. Осыншама жауапты мамандықпен қатар, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген ақ халатты жандар қаншама?
Нәзік жандылар мерекесі қарсаңында аудандағы қоғамдық жұмысқа қатысып, іскер әйелдер қатарынан көрініп жүрген, әріптестерінің әлеуетін арттыруда өзіндік орыны бар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары — Сексенбаева Жазира Қайратқызының еңбек жолы жайында сөз қозғамақшымыз.
Жазира Қайратқызы 1984 жылы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайрат жоғарғы білімді, ауыл шаруашылығы маманы, ал анасы Айман да жоғары білімді ұстаздық қызмет атқарған. Отбасында 4 бала, оның 2-уі ұл, 2-уі қыз.
Кейіпкеріміз Қызыл жұлдыз орта мектебін бітіріп, үлкен өмір жолына аттанады. Дәрігер мамандығын таңдауға әкесінің ағасы, яғни көкесі себепші болғанын айтады. Сонымен арманы жүзеге асқан ақ халатты Жазираның еңбек жолына тоқталсақ, алған мамандығына сай өрбіп отырады. Еңбек жолы ұйымдастырушылық қабілетін де айқындағандай кейіпте.
Мектеп бітірген жас қыз Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің емдеу бөлімінің профилактикалық ісі бойынша білім алып, 2007 жылдың тамыз айынан бастап, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік санитарлық қадағалау бөлімінің жетекші маманы бола жүріп, өзін қызметте көрсете білген жас маман бөлім бастығына тағайындалады.
2010 жылдан 2014 жылға дейін Хромтау ауданы бойынша санитарлық эпидемиологиялық қадағалау бөлімің бастығы болып қызмет етеді. 2010 жылы қазіргі еңбек етіп жүрген Бадамша ауылының тумасы Ерланмен отау құрады. Азаматының мамандығы заңгер, бүгінгі күні осы ауылдағы жер қатынастары және жылжымайтын мүлік бойынша бөлімінің бас маманы. Салихалы отбасында 5 бала өсіп келеді.
2014-2016 жылдар аралығында аудандық аурухананың ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің меңгерушісі болып, осы сәттен бастап өзін қоғамдағы белсенділік белесінен таныта бастады.
2016 жылдан бастап аудандық аурухана бас дәрігерінің ұйымдастыру -әдістемелік жұмысы бойынша бас дәрігердің орынбасары болып еңбек етіп келеді. Оған қоса 2022 жылы аудандық медицна саласының «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподақ қоғамының төрайымы болып тағайындалған Жазира әріптестерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып жүрген жанашыр жан.
Бес баланың анасы, жұмыс барысында өзін саналы, мамандыққа жауапкершілікпен қарап, адами ұстамдылықты кейінгі шәкірттеріне үйрете жүреді. Медицина саласында қызмет атқарған 17 жылда өзін ізденімпаздылығымен көрсете білді. Денсаулық сақтау мамандығы бойынша ІІ біліктілік санаты бар.
Жазира аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Аудандық іскер әйелдер қауымдастығы мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының да белді мүшесі, бастауыш ұйымның төрағасы қызметін де атқарды. Сонымен қатар, Хромтау аудандық ауруханасының бақылау бөлімінің төрайымымен қатар Бадамша орта мектебінің қамқоршылық кеңесіне төрайым болып екі жылдай қызмет етті.
Еңбегіне қарай марапаттан да кенде емес. Ізденіс пен талаптың арқасында ол жетекшілік ететін «AMANAT» бастауыш партия ұйымы 2018 жылы облыста 1 орынға, республикада 2 орынға қол жеткізді.
Бірнеше рет құрмет грамотасымен және де алғыс хаттарға ие болған. Солардың бірі Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының» алғыс хаттарымен, 2021 жылғы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Мұның барлығы атқарған қызметінің жемісі.
Адамды адам еткен еңбек. Олай болса, болашаққа арындап, құлаш сермеп, жүректегі үміт отын лапылдатып, жүзі күн нұрындай жылы жастардың өсуі де заңдылық.
Ендеше, от жалыны бойында бес баланың анасы ақ халатты, қоғам белсендісі Жазираға да сәттілік тілейміз.
Бақыт ИМАШЕВ