Бұралқы иттер басынып кетпесін
Тарихқа сүйенсек, халқымыз иттің адалдығын қастер тұтқан. Оны жеті қазынаға жатқызып, итті жыл санауының атауына да кіргізген. Расында, иттің адамға пайдасы көп екені айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен де, халқымыз «Ит – жеті қазынаның бірі» деп бағалағанымен, оған дастарханнан ас беріп, алақанына салып аяламаған.
«Бес саусақ бірдей емес» дегендей, бүгінгі таңда бұралқы ит пен мысықтың мәселесі өзекті, кеселі де көп болып тұр. Соңғы кезде бұл мәселенің өзектілігі күн тәртібінен түскен емес. Оған дәлел көгілдір экран мен түрлі әлеуметтік желілердегі қаңғыбас иттердің адам баласына тигізіп жатқан зияны жайындағы оқиғалардың жиі орын алып жатқаны.
Біз де аудандағы бұралқы ит-мысықтармен күрестің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатырған жұмыстарды білмекке аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Жұмабай Кубаевты әңгімеге тартқан едік.
— Жұмабай Василиұлы, өзіңіз біліп отырғандай қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі қаңғыбас ит, мысық жайында. Ендеше, бұл мәселеге қатысты ауданымыздағы жағдай қалай?
— Әрине, қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, бүгінгі күні кейбір азаматтардың жауапсыздығынан бұралқы ит, мысық мәселесі өршіп тұр. Бұл мәселе бізде де бар. Дала кезген қаңғыбас иттердің ауыл ішіндегі көшелерде, дүкен, мектеп айналасында топтасып жүруі көпшілікті алаңдатуда. Олар денсаулыққа ғана емес, сонымен қатар адам өміріне де қауіп төндіреді. Бізде өз тарапымыздан жыл сайынғы тұрғындармен кездесу, жиындарда ит пен мысық ұстап асыраудың талаптарын айтып та, баспасөз беттерінде жариялап та келеміз.
— Осы мәселені шешу жолында қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
— Қаңғыбас жануарларды аулау мақсатындағы жұмыстар жыл сайын жүргізілуде. Осы орайда 2024 жылдың жарты жылдығында биылға бөлінген 483 мың теңге қаржыға бір автоматты тапанша, 57 мың теңгеге оқ, сондай-ақ, 98 мың 1 құты дәрі алынып, жалпы аудан бойынша осы күнге дейін 420 бұралқы ит пен 30 мысық түрлі тәсілмен ауланды.
Ит мәселесі басталған 2021 жылы бізге бөлінген 1,380 теңге қаржыға 464 ит пен 30 мысық, 2022 жылы бөлінген 966 мың теңге қаржыға 400 ит пен 60 мысық, ал 2023 жылы 1008 млн теңге бөлінген қаржыға 400 ит пен 50 мысықтың көзін жойдық.
Осылайша, биылғы жылға бөлінген 483 мың қаржыға алдын-ала болжанған 471 иттің 420-сы, 42 мысықтың 30-ы ауланды. Өздеріңіз байқап отырғандай 4 жылдың ішінде бұралқылар өсіп-өнегенде не болар еді, тіпті елестетудің өзі де қорқынышты.
— Қараусыз, қаңғыбас иттердің ауданның санитарлық жағдайына да залал тигізетіні анық. Оның үстіне бұралқы иттердің ауру таратқыштарға жататыны тағы бар. Ендеше, осыған орай жұмыстар жүргізіле ме?
-Бұралқы иттерді аулаудан өзге де жұмыстар жүргізіледі. Яғни, қолдағы асыранды иттер құжатталып, сәйкестендіріледі. Сонымен қатар, олар түрлі жұқпалы ауруға қарсы екпеден өткізіледі. Ағымдағы жылдың екінші жартысында эхинококкоздың (үй жануары арқылы тасымалданатын паразитті ауру) алдын алу мақсатында жоспарланған 1200 иттің 1040-н екпеден өткіздік. Жалпы мүмкіндігінше атқарылған жұмыстар аз емес. Қаңғыбас үй жануарларына қатысты мәселе әркез біздің назарымызда. Сондықтан да, жеке бас тазалығын сақтап, қаңғыбас ит, мысықтарға жақындамаған дұрыс. Десе де қаптаған қаңғыбас иттерден құтылмайынша дертті ауыздықтау мүмкін емес.
— Жалпы үй жануарларын ұстайтын тұрғындарға айтар кеңесіңіз?
—Иә, кейбір жағдайларда иттердің көбеюі тұрғындардың жауапсыздығынан да орын алып жатады. Өйткені, адамдар иттерін далаға еркіне жібере салады. Олар қоқыс жәшіктерінің маңын торуылдап, мекемелер мен тұрғын үйлердің аулаларында түнейді. Біреу емес, бірінің артынан бірі еріп, топтасып жүреді. Осының салдарынан ата-аналар балаларын далада емін-еркін ойнауға жіберуге қорқады. Сол себепті де, тұрғындар иттерін бетімен жібермей, тіркеп, ветеринарлық стансада егу шараларын уақытылы жүргізуі қажет.
Әңгіменің түйіні: Топталып ауыл, қала көшелерінде жүретін иттерге көзіміз үйренді. Алайда, олардан келер қауіп-қатерге мән бермейміз. Сол немқұрайлығымызды иттер де пайдаланып зияндарын тигізуде. Беті әрмен дейік, иттен адамға, жан-жануарларға жұғатын аурулар да жеткілікті. Осы бейқамдықтың салдарынан адамдар жарақат алып, бақилық болғандары да бар.
Тағы бір айта кететін жайт, тұрғындарды қорқыту, үркіту емес, жауапсыз жіберген бұралқы жануарлар иесіне айыппұл да қаралған. Қанша десеңіздер айта кетейін, әкімшілік жазаға тартылған жеке тұлғалар 10 АЕК (34500 теңге), жауапты тұлғалар 20 АЕК (69000 теңге), заңды тұлғалар 30 АЕК (103500 теңге) көлемінде қарастырылғанын ескерсек, қолдағы ит, мысыққа жауапкершілікпен қараған дұрыс. Ал бұралқы иттен зардап шеккендер, иттің иесіне шағымдана алады. Мәселенің мән-жайы анықталған жағдайда қылмыстық жазаға да тартылады. Сондықтан да, үй жануарларын есепке алуға байланысты сұрақтар туындаса, ауданымыздағы ветеринарлық стансасы мамандарына хабарласа аласыздар.
Сөз соңында айтарым, «Жау жоқ деме-жаға астында, бөрі жоқ деме- бөрік астында» дегендей, ит пен мысықтың арғы тұқымы жыртқыш аң екенін ескерсек, әркез сақтанып жүргеніміз дұрыс болар еді.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ